Атырау тұрғындары мұны мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік деп бағалады, деп жазады inbusiness.kz cайты.
Куәгерлердің айтуынша, қателік түзетілгенше ту теріс күйде бірнеше сағат бойы ілініп тұрған. Атырау қаласы мен облысының символы боп саналатын тутұғыр қала әкімдігінің балансында. Алайда тұрғындар оның жағдайына ешкім бақылау жасамайтынын айтып отыр.
Әлеуметтік желілердегі қызу талқылаудан кейін ту алынып тасталды.
"17 қазанда туды көтеру кезінде мердігер ұйым қызметкерлері техникалық қате жіберіп, туды теріс іліп қойған. Бұзушылық дереу анықталып, ту талапқа сай дұрыс орналастырылды. Анықталған құқықбұзушылық бойынша мердігер ұйымның қызметкері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 458-бабы ("ҚР Мемлекеттік рәміздерін пайдалану қағидаларын бұзу") бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – делінген Атырау қаласы әкімдігі таратқан хабарламада.
Аталған бапқа сәйкес, мемлекеттік рәміздерді пайдалану ережесін бұзғаны үшін 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде – 184 600 теңге (жеке тұлғаларға) айыппұл қарастырылған.