Атырау қаласындағы №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының қызметкерлеріне қатысты тергеу жүргізілуде. Оларға әжетханада мүгедек балаларды байлап қойды деген айып тағылуда,– деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Қаладағы Лесхоз ықшамауданында орналасқан орталық облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарайды. Шу тудырған бейнежазба сәуір айында түсіріліп, шілде айында жария етілген. Онда гаршокта отырған ақыл-есі мен қимыл-қозғалысында кемістігі бар балаларды астарына төсейтін жаймамен унитазға байлап қойғаны көрсетіледі. Бұдан бөлек, мекемеде 100 литр бензин талонының ұрланғаны да белгілі болған.
Айта кетейік, бұл бейнежазбаны №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында шаруабике болып қызмет атқарған Ұлбике Бисекенова түсірген. Ол видеода "бұл жерде балаларға қарамайтынын, бет-ауыздары қан-қан, лас болып өздерімен-өздері отыра беретінін" айтады. Алайда орталықтың бұрынғы қызметкері оны өзі де ұрлыққа күдіктілер қатарында саналып, жұмыстан шыққаннан кейін барып, жарыққа шығарған сыңайлы. Қазіргі күні орталық ұжымы Бисекенованың үстінен ұрлық жасағанын, жала жапқанын айтып, облыс прокурорына ұжымдық арыз жазған. Олар балаларды жаймамен байлап қоятыны жөніндегі мәліметті теріске шығарады.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басшысының орынбасары Әлфия Байғанинаның айтуынша, орталықта орын алған олқылықтарға байланысты оның директоры Гүлжан Қазиеваға сөгіс берілген.
"Ұлбике Бисекенованың әлеуметтік желіге таралған бұл видеосы өзінің айтуынша 8 сәуір күні түсірілген. Мен ол күні еңбекке жарамсыздық парағын жауып жұмысқа шыққан болатынмын, қасыма жауапты қызметкерлерді ертіп, "обход" жасадым, ол күні Ұлбикенің тарапынан видео туралы ештеңе айтылған жоқ. Ал 18 сәуір күні мекемеде ұрлық болды, түнгі 23.00 шамасында белгісіз үш адам мекеме басшысы, бухгалтер кабинетіне кіріп, түнгі екі жарымға дейін ұрлық жасаған. Олардың ішінде Ұлбикенің де бары анықталды. Кейін тексеру кезінде ол істің мән-жайы анықталғанша, жұмыстан уақытша шеттетілді. 16 шілде күні оған өзінің жауапкершілігіндегі қатты және жұмсақ мүкаммалдарды тапсыру жөнінде хабарлама беріліп, 22 шілде күні ҚР еңбек кодексінің баптарына сай еңбекшарты мезгілінің өтуіне байланысты жұмысы тоқтатылды, қазіргі күні ол бізде жұмыс істемейді",– дейді Г.Қазиева.
"Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі таңда, қылмысқа күдікті екі тәрбиеші короновирустық инфекция жұқтыруына байланысты ем қабылдауда. Ал, интернаттағы балалардың денесінен дене жарақаттары анықталған жоқ. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды", – деп хабарлады Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Аталған орталыққа байланысты туған дау-дамай тек бұл емес. Осыдан үш жыл бұрын да онда мүгедек балаларға дұрыс қарамайды деген айыптаумен прокурорлық тексеру жүргізілген болатын. Әлеуметтік мекемеде өздігінен жүріп-тұруы қиын, ақыл-есі кем балалар емделеді. Науқас балаларды күтіп-бағудың қиындығы мен оларға қарайтын қызметкерлер санының жетіспеушілігі – бұрыннан айтылып келе жатқан проблеманың қатарында.
Құралай Қуатова