Атырауда мүгедек спортшылар мәжіліс депутаттарына өтініш жасады

1124

Атырауда мүгедек спортшылар мәжіліс депутаттарына өтініш жасады

Өңірге іссапармен келген Парламент мәжілісінің депутаттары Атырау қаласындағы мүгедектердің спорттық клубында болып, ондағы спортшылардың ахуалымен танысты, деп хабарлайды atpress.kz.

Спортшылардың мәлім еткеніндей, қазіргі таңда Атыраудағы мүгедектер спорттық клубында отырып ойнайтын волейболшылар үшін жылы еденнің жоқтығы, жаңбыр жауса шатырдан су тамшылайтыны өзекті мәселе болып отыр. Алайда оларға қаражат жергілікті бюджеттен ғана қаралатындықтан көп арманға қолдары жете бермейді. 

Мүгедектер спорт клубының директоры Бауыржан Тахауов болса, Қазақстанның намысын әлемдік жарыстарда қорғап жүрген спорт клубына негізгі қаражат көзі республикалық бюджеттен бөлінсе дейді. 

"Сондай-ақ, мүгедектер спорттық клубының спортшыларын аудандарға және республиканың өзге де облыстарына апарып кездесулер ұйымдастырса, ол жақтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың да спортпен шұғылдануға қызығушылығы оянар еді. Қазіргі кезде Атырау облысында 800 мүгедек болса, олардың 200-і ғана спортпен айналысады", - дейді Бауыржан Тахауов. 

Бүгінде аталған клубта спорттың 12 түрінен секциялар жұмыс жасайды. Кездесу барысында өміріне спортты серік еткен мүмкіндігі шектеулі жандар халық қалаулыларының алдында жеке бас мәселелерін де көтерді. Өмірдің сынағына ұшыраған жандарға ешқашан үміттен айырылмау керектігін жеткізген Парламент мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамыраев оларға әрқашан мемлекеттің қолдауы болатындығын айтты. Кездесу барысында мүгедектердің спорттық клубына жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі де қозғалды.

"Ғимараттың қол жуатын және шомылатын жерлері мүгедек жандарға қолжетімді болуға тиіс. Нысанның екінші қабатында дзюдо, еркін күрес залдары жұмыс істейді. Алайда оған жеделсаты арқылы көтерілуге жағдай жасамасақ екінші қабаттың пайдасы жоқ. Ол үшін асқан қаражаттың да қажеті болмас. Демеушілерді тарту керек. Сіздердің өмірге құштарлықтарыңыздан ұрпақ өнеге алады", - деді Парламент мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамыраев.

Еске сала кетейік, 2017 жылдың қыркүйек айында осы клубта мүмкіндігі шектеулі жандар арасында республикалық спартакиада өтеді. Оған еліміздің әр түкпірінен мыңға тарта спортшы келеді деп күтілуде.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу