Атырау облысының прокуратурасы мүлік салығын есептеу кезінде салық салу базасын төмендету деректерін анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тексеру барысында бірқатар салық төлеушілер салық жүктемесін азайту үшін декларацияларда жылжымайтын мүлікке қатысты нақты емес мәліметтер көрсеткені белгілі болды.
Мәселен, "М" ЖШС 2025 жылы өз нысанының аумағын 14 700 шаршы метр деп көрсетіп, 9,2 млн теңге мүлік салығын төлеген. Алайда "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының мәліметіне сәйкес, нысанның нақты ауданы 28 827,3 шаршы метр болған. Соның салдарынан бюджетке 8,5 млн теңгеден астам салық толық түспеген.
Осындай заң бұзушылықтар тағы 63 жылжымайтын мүлік нысаны бойынша анықталды. Прокуратураның араласуынан кейін бюджетке 250 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.
Қадағалау органы мұндай заң бұзушылықтарды анықтау жұмыстары жалғасып жатқанын және мәселе прокуратураның тұрақты бақылауында екенін мәлімдеді.