Сапар Теңіз кен орнынан басталды. Вице-министр "Теңізшевройл" басшылығымен кездесіп, кен орнын игерудің қазіргі жағдайын, өндіріс тиімділігін және көмірсутек қорларын ұтымды пайдалану мәселелерін қарастырды.
Мұнай мен газ өндіру көлемі, ұңғымалардың жағдайы, қабат қысымын ұстап тұру және геологиялық зерттеулер жүргізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ерлан Акбаров бекітілген жобалық шешімдерді сақтау және жер қойнауын тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ "Ембімұнайгаз" компаниясының Батыс Қарасор кен орнына барып, оны одан әрі барлау және игеру перспективаларымен танысты. Қаратон, Айранкөл, Қарсақ және Ескене кен орындарындағы жұмыстардың барысы да қаралды.
Айранкөлде цифрлық технологияларды қолдану және әлеуметтік нысандардың жұмысы талқыланса, Қарсақ кен орнында геологиялық-техникалық шаралар, көлденең ұңғымаларды бұрғылау және өндірістің рентабельділігін арттыру жолдары қарастырылды. Ал Ескене кен орнында жою жұмыстарының қазіргі жағдайы зерделенді.
21 тамызда Атырауда жер қойнауын пайдаланушылармен арнайы кездесу өтті. Онда мұнай-газ компанияларының келісімшарттық және жобалық міндеттемелерді орындауы, геологиялық барлау жұмыстарын кеңейту және кен орындарын игеру тиімділігін арттыру мәселелері сөз болды.
Кездесуде ресурстық базаны толықтыру, заманауи технологияларды енгізу және игерудің соңғы кезеңіндегі кен орындарының тиімділігін арттыру қажеттігі айтылды.
Вице-министр сапар барысында отандық мұнай-газ жабдықтарын өндіретін бірнеше кәсіпорынның жұмысымен де танысты. Атап айтқанда, Sigma Solutions, WIKA Kazakhstan, "АтырауНефтеМаш", "ЖигерМунайСервис" және KazBoltService компанияларының өндірістік қуаттары қаралды.
Кәсіпорындарды аралау кезінде қазақстандық өндірістің мүмкіндіктерін кеңейту, жергіліктендірілетін өнім түрлерін көбейту және отандық компаниялардың ірі мұнай-газ операторларының сатып алу жүйесіне қатысуын арттыру мәселелері талқыланды.
Сапар қорытындысында кен орындарын тиімді игеру, ресурстық базаны кеңейту, жер қойнауын ұтымды пайдалану және қазақстандық өндірушілердің мұнай-газ жобаларына қатысуын күшейту бойынша тиісті тапсырмалар берілді.