Атырауда НЗМ оқушысы "Apple" жүлдесіне ие болды

910

Ол домбыра тартуды үйрететін симулятор ойлап тапқан.

Атырауда НЗМ оқушысы "Apple" жүлдесіне ие болды

Атыраудағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушысы Асқар Әлмұхаметов әлемнің үздік жас өнертапқыштарының қатарын толықтырды.

"Әйгілі Стив Джобс негізін қалаған "Apple" компаниясы бағдарламалаумен айналысатын жастарды ынталандыру үшін жыл сайын инновациялық жобалар байқауын өткізеді. Конкурстың шарты бойынша әуелі үздік жұмыстар іріктеледі. Одан соң компания өкілдері жобаның авторларымен байланысқа шығады. Мен бұл конкурсқа домбыра тартуды үйрететін симуляторды ұсындым. Симулятор Swift бағдарламалау тілімен жасалды", - дейді Асқар Әлмұхаметов. 

Оның айтуынша үздік жеңімпаздар "Apple" компаниясы қаржыландырған білім грантына ие болады. Грант дарынды жастардың АҚШ-тың Сан-Францико қаласындағы аталған компанияның кеңсесінде тәжірибе жинауына мүмкіндік береді. Алайда әлемде орын алған пандемияға байланысты бұл жоспар кейінге қалдырылғаны белглі болды. Десек те, ұйымдастырушылар Асқардың еңбегін бағалап, ынталандыру үшін компания атынан күзгі күртеше, кәде сыйлық және конкурсқа қатысқаны үшін дипломды табыстаған. 

Асқар Әлмұхаметов - бірнеше республикалық және халықаралық деңгейдегі стартап конкурстардың жеңімпазы. Бұған дейін ол балалар үшін "Qulynym" мобильді қосымшасын жасап шықты. Бұл қосымшада мектепке дейінгі балалар үшін қазақ тілді контент жинақталған. Осылайша Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы IT саласын жетік меңгеру арқылы ұлттық технология саласын жаңғыртуды көздейді.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу