Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт бүгін, 30 мамырда болған. Бұл туралы жергілікті уақытпен сағат 10:35-те хабар түскен, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Атырау қаласындағы С. Датов көшесінде орналасқан 6 қабатты үйдің балконынан түтін шыққан. Шақырту орнына санаулы минутта жеткен өрт сөндірушілер бесінші қабаттағы пәтерде тұрмыстық заттардың жанғанын анықтады. Департамент қызметкерлерінің күшімен 7 адам, оның ішінде 5 бала автосаты арқылы 5 және 6-қабаттан қауіпсіз жерге шығарылды. Тұрғын үй дәлізіндегі баспалдақ арқылы 44 адам, оның ішінде 15 бала эвакуацияланды", - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Өрттің салдарынан 30 шаршы метр аумақта тұрмыстық заттар жанған. Өрт сөндірушілердің жедел іс-әрекетінің нәтижесінде 30 минут ішінде адамдар құтқарылып, өрттің басқа пәтерлерге таралуына жол берілмеді.
Өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Зардап шеккендер жоқ. Қызыл жалынды сөндіруге Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінен 12 қызметкер мен 3 техника жұмылдырылды.