Атырау полицейлері Жаңа жыл мерекесі қарсаңынды қарқынды жұмыс істеуде. Атап айтқанда, өңірдегі карантин талаптарын бұзып, тиым салынған уақыттан кейінгі түнгі мезгілде жұмыс істеген көңіл көтеру, қызмет көрсету мекемелері көптеп анықталып жатыр. Бұл жөнінде хабарлаған қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Ерлан Биғамбаевтың айтуынша, тек қана соңғы күндері сағат 22.00-ден кейін ашық тұрған "Тофу", "Ak's rezervе" мейрамханалары анықталған. Айта кетерлігі, олардың екеуі де бұған дейін екі рет заң талаптарын сақтамай, көзге түскен. Рейд кезінде біріншісінде алпысқа жуық, екіншісінде жиырма шақты адам болыпты. Дегенмен, бұл жағынан облыс бойынша "рекорд" әзірге санитарлық талапты сегіз рет бұзған "Рыба моей мечты" караоке-барына тиесілі. Одан кейін үш реттен заң бұзған "Урбан" және "Китайка" мейрамханалары бар.
Бұдан бөлек, сағат 23.44 шамасында ашық тұрған "Жансезім", 00:16 сағатта жұмыс істеп тұрған "Гүлсезім" азық-түлік дүкені азық-түлік дүкендері, ойын клубтарының жұмысына мүлдем тиым салынғанына қарамастан жұмыс істеп жатқан "Лото" ойын клубы анықталған. Аталған дүкендер қала шетіндегі Еркінқала, Жұмыскер ауылдарында орналасқан, сол себепті рейдтің шалғай жақтарға келмейтініне сенімді болса керек. Бұл деректерге қатысты жинақталған іс-құжаттар Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасына жолданбақ.
Сол сияқты, тәртіп сақшылары пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатуға қарсы "Пиротехника" шарасы барысында заңсыз отшашу сатқан үш азаматты анықтап, жауапкершілікке тартылды. Олардың бірі өнімдерін Whats Арp желісі арқылы жарнамалап отырған. Айта кетейік, пиротехникалық бұйымдарды барлық қауіпсіздік талаптары сәйкес және міндетті сертификаты болған жағдайда ғана сатуға болады. "Пиротехника" жедел алдын алу іс-шарасы 7 қаңтарға дейін жалғаспақ.
Құралай Қуатова