Атырауда полиция аудандарда болған екі қылмысты анықтады

1513

Оның бірінде күдікті қарт әжені қорқытып, тонап кеткен.

Атырауда полиция аудандарда болған екі қылмысты анықтады

Атырау облысының Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында жасы сексеннен асқан әжені тонап кеткен күдікті қолға түсті. Оқиға 31 тамыз күні  сағат 22.50 шамасында болған. Ер адам кіреберіс есіктің ашық тұрғанын  көріп, үйге баса-көктеп келеді. Бұл кезде үйде қарт әжеден басқа ешкім болмаған. 

"Қылмыскер оң қолымен әжемнің аузын жауып, сол қолымен құлағынан алтын сырғаларды алып кеткен. Әжем бұл оқиғадан осы күнге дейін есін жияр емес, қатты шошып кетіпті. Болған жайды дереу полицияға хабарластық", – дейді жәбірленушінің немересі. 

Жедел іздестіру  шаралары барысында аудан полицейлері 28 жастағы күдіктіні анықтап тапты. Қазір тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қорқып қалған кейуана қарақшы ұстаған тәртіп сақшыларына алғысын жаудырған. 

Сондай-ақ, Атырау облысының полицейлері әлеуметтік желі арқылы алаяқтық жолмен  ақша алған жасөспірімді де құрықтады. 21 маусым күні Исатай аудандық полиция бөлімшесіне арызданған тұрғын белгісіз біреудің одан инстаграм желісіндегі "АЙБЕК КӨМЕК" парақшасы арқылы "КИВИ" әмиянына 40 мың теңге, ол аз болғандай, "Халық БАНК" картасы мен сәйкестендipу нөмірін фотомен алдыртып, есепшотынан 385 мың теңге алып алғанын айтады. Іздестіру нәтижесінде Түркістан облысының 2003 жылы туған тұрғынын ұсталған. Қазіргі күні кәмелетке толмаған  жасөспірімнің осыған ұқсас басқа да алаяқтық қылмыстарына қатыстылығы тексерілуде. 

Құралай Қуатова

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу