Атырауда пробация қызметінде үш жасөспірім есепте тұр

860

Мекеме олардың біріне Абайдың "Қара сөздерін" сыйлады.  

Атырауда пробация қызметінде үш жасөспірім есепте тұр

Атырау облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты пробация қызметі бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған 17 жастағы жасөспірімді қамқорлығына алып, төлқұжатын рәсімдеуге көмектесті. 2003 жылы туған Сергей Мохначев биыл облыстық кәмелет жасқа толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасына кесілген. Ол көліктің ішіндегі сөмкені ұрлап, қолға түскен. Бұл оның үшінші рет осындай қылмысқа баруы екен. Бұған дейін тергеу изоляторына да отырып шығыпты.

Қазіргі күні жасөспірім ағасының үйінде тұрады. Одан қатты көңілі қалған анасы үйіне үзілді-кесілді кіргізбей қойған соң, департамент қызметкерлері араласып, баланы туысының үйіне, сонымен бірге кешкі мектепке орналастырған. Жеке бас құжаттарын жасауға көмектескен де пробация қызметі.

"Сергейдің түзелуіне қол ұшымызды созып, оны қоғамның бір азаматы ретінде тәрбиелегіміз келеді. Тәрбие жұмыстарын қазірден бастап қолға алсақ, болашақта одан жақсы азамат шығады", – деген ҚАЖД бастығы Манарбек Ғабдуллин оған Абайдың қара сөздері жазылған кітапты сыйға тартты. Ұлы Абайдың айтқандары түзу жолға түсіретіні жайлы әңгімені бала мұқият тыңдады, айтқандай, ол қазақшаға судай, кітапты түпнұсқасында оқымақ. Бұдан бөлек, облыстық білім басқармасына хат жолданған, департамент онлайн оқу кезінде Сергейді уақытша планшетпен қамтуды сұрап отыр. 

Қазіргі күні облыстағы пробация қызметі есебінде үш жасөспірім есепте тұр. Оның біреуіне пробация инспекторларынан жасырынып жүргендіктен, іздеу жарияланған, екіншісі тергеу абақтысынан босатылып, қайтадан есепке тұрып жатыр.

Құралай Қуатова,

Атырау облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу