Атырау қаласының прокуратурасы жер қатынастары және мемлекеттік мүлікті басқару саласында жүргізілген тексеріс нәтижесінде мемлекетке құны 700 млн теңгеден асатын мүлікті қайтарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тексеру барысында сенімгерлік басқару тетіктерінің тиімсіз қолданылғаны анықталған. Мәселен, жергілікті атқарушы орган жеке кәсіпкерге құны 93,7 млн теңге болатын жертөле үй-жайын берген. Алайда кәсіпкер шарт талаптарын орындамағанымен, нысанды қайтару бойынша шаралар уақытында қабылданбаған.
Прокуратура заңдылықтың бұзылуын жою туралы, соның ішінде басқа да осыған ұқсас жағдайлар бойынша ұсыну енгізді.
Прокуратураның қадағалау актісінен кейін жалпы құны 400 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік мемлекет балансына қайтарылды.
Сонымен қоса, жер пайдалану саласында тәртіп орнату бойынша шаралар қабылданды.
Сонымен қатар, ұзақ уақыт бойы мақсатына сай пайдаланылмаған 28 жер учаскесі анықталып, жалпы құны 300 млн теңге болатын жер мемлекет пайдасына қайтарылды.
Прокуратура жер қатынастары саласындағы заңдылықты сақтау және мемлекеттік мүлікті қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.