Атырау облысының прокуратурасы атқарушылық іс жүргізу саласында заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жыл басынан бері заң бұзушылықтарды жою туралы 29 ұсыну енгізіліп, олардың нәтижесінде мемлекет кірісіне 137,8 млн теңге өндірілді. Сондай-ақ 124 млн теңге алимент берешегі мен 842 мың теңге жалақы қарызы өтелді.
Қабылданған шаралар аясында 35 сот орындаушысы тәртіптік жауаптылыққа, ал 68 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Балаларды асырауға арналған қаражатты төлемеу фактілері бойынша Қылмыстық кодекстің 139-бабымен 18 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркеліп, бүгінгі күнге дейін 6 борышкер қылмыстық жауаптылыққа тартылған.
Соның бірі – алимент бойынша 7 млн теңге берешегі бар және 2 жылдан астам уақыт бойы кәмелетке толмаған балаларын асырауға арналған қаражатты төлеуден жалтарған Атырау облысының тұрғыны. Сот оны 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесті.
Прокуратура мәліметінше, аталған бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда.