Атыраудағы ірі өндіріс орталықтары қондырғыларын толықтай автоматтандыруға көшіре бастады.
Индустриалды карта аясында жаңадан ашылған зауытта жұмысты роботтар атқарады. Ал мамандар өнім сапасы мен жалпы жұмыс барысын ғана қадағалап отырады.
Кәсіпорынның дәнекерлеу цехында 12 робот қондырғы жұмыс істеп тұр. Атқаратын жұмыс ауқымы өте үлкен болғанымен, робот техникалар тапсырысты діттеген мерзімді аяқтауға мүмкіндік береді.
"Біздің зауыттағы металл құрылғылар цехы негізінен мұнай-газ компанияларына сервистік қызмет көрсетеді. Өнімге сұраныс жоғары. Сондықтан жылына 6 мың тонна металл құрылғылар жасап шығаруды жоспарлап отырмыз. Жаңа зауытта 65 адам еңбек етіп жатыр. Мамандардың барлығы – шетелдерде біліктіліктерін арттырған жергілікті тұрғындар. Жұмысшылар жаңа технологиялардың арқасында бәсекеге қабілетті әрі сапалы өнім өндіріп отыр", - деді зауыт басшысы Рафик Мұхатов.