Жыл басынан бері әуеден бақылау нәтижесінде 20-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Атырау облысы полиция департаменті жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында заманауи технологияларды жүйелі түрде қолданып келеді. Солардың бірі – жол қозғалысын дрон арқылы әуеден бақылау.
Қазіргі уақытта патрульдік полиция ротасының қызметкерлері қала сыртындағы республикалық және облыстық маңызы бар тас жолдарда әуеден мониторинг жүргізуде.
– Әуеден бақылау жүргізу жолдағы жалпы жағдайды тиімді қадағалауға мүмкіндік береді. Бұл әдіс құқық бұзушылықты анықтап қана қоймай, оның алдын алуға да оң әсерін тигізеді. Жүргізушілердің тәртібін арттыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысымызды одан әрі күшейтеміз, – деді патрульдік полиция ротасының штаб аға инспекторы Мейрамбек Асылбекұлы.
Жол сақшылары барлық жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жолдағы қауіпсіздікке бейжай қарамауға шақырады.