Атырау қаласында салынып жатқан бюджеттік тұрғын үй құрылыстарына құрылыс басқармасының инспекторлары тұрақты бақылау жүргізіп келеді. Өткен жылы он екі тұрғын үй нысанына тексеріс жүргізіліп, бірқатар кемшіліктер анықталған.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинге мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылбек Омарқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды atpress.kz.
"Мәселен, Береке ықшам ауданында құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезінде өрескел қателіктер жіберген құрылыс қызметкерлеріне жалпы көлемі 3 миллион 500 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды. Көп мәселе бас мердігердің, авторлық және техникалық қадағалау қызметкерлерінің қателіктерінен болып отыр", – деп атап өтті Асылбек Омарқұлов.
А.Омарқұловтың айтуынша, бақылау-тексеру инспекциясының қызметкерлері былтыр облыстық, қалалық, көлік прокуратурасының қызметкерлері өкілдерімен бірлесіп басқармаға қатысты 26 нысанға тексеріс жүргізген.
"Түрлі заң бұзушылықтар бойынша құрылыс ұйымдары мен жеке кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жыл бойына салынған жалпы әкімшілік айыппұл көлемі 8 миллион 738 мың теңгені құрайды", – деді Асылбек Омарқұлов.
Сондай-ақ, басқарма былтыр үш жүзге жуық нысанға бақылау жүргізіп, оның қырық тоғызына кемшіліктерді жою жөнінде ескерту жасаған. Жалпы, облыста өткен жылдың қорытындысымен 284 нысан пайдалануға берілсе, оның ішінде он бес нысан тұрғын үй мақсатында беріліп отыр.