Атырауда сапасыз үй мемлекеттік бағдарламамен берілген

377

Қала ортасындағы тұрғын үй қолданысқа 2019 жылы берілген.

Атырауда сапасыз үй мемлекеттік бағдарламамен берілген Фото: Ашық дереккөзден

"Балалар ойын алаңы ортасынан опырылып түсе ме деп алаңдаймыз". Атырауда мемлекеттік бағдарламамен баспана алған тұрғындар осылай деп шу шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қолданысқа 4 жыл бұрын ғана берілген тұрғын үй құбырлары бірінен соң бірі жарылып, жайсыздық тудыруда. Жарық пен ауыз су да үнемі ажыратылады. Кемшілік барын әкімдіктегілер де мойындап отыр. Мердігер шала-жансар жасаған нысанды қалыпқа келтіре ме?

Қала ортасындағы тұрғын үй қолданысқа 2019 жылы берілген. 298 пәтерлі нысанның дені әлеуметтік осал топтағылар мен медицина қызметкерлеріне үлестіріліпті. Қоныс тойын тойлағандардың қуанышы ұзаққа созылмады. Баспана маңында үнемі құбыр жарылып, ыстық су атқылайды. Оның бәрі балалар ойнайтын алаңға жиналып тұр. Жарық пен ауыз су да жиі өшетін көрінеді. Бұл мердігердің салғырттығы деген жұрт, олқылық реттелсін деген талап қойып отыр.

Тұрғындар базынасын айтып талай табалдырықты тоздырған. Жауаптылар үнемі құрғақ сөзбен құтылады дейді.

Көпқабатты тұрғын үй құрылысына қазынадан 3 млрд 400 млн теңге бөлінген. Қыруар қаржы жұмсалған нысанда кемшілік барын жауапты басқармадағылар да мойындайды. Мердігерге бірнеше мәрте ескерту де беріпті. Қолға алуға қарсы болса, сотқа шағымданамыз деп отыр.

Тұрғын-үй құрылысын "Каспий кадрлар қауымдастығы" компаниясы жүргізген. Серіктестіктің бұған дейін де бірнеше нысан бойынша басы дауға қалған еді.Тұрғындар құбыр жақын арада жөнделмесе, қыста Екібастұздың күйін кешеміз бе деген үрейде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу