Атырауда шағын кемелерге қатысты 30-ға жуық құқықбұзушылық анықталды

257

Мамандар қайық иелері арасында жиі кездесетін заңбұзушылықтарды атады. Көбі жолаушы санын арттыру мен кеудеше кимеуге қатысты.  

Атырауда шағын кемелерге қатысты 30-ға жуық құқықбұзушылық анықталды Фото: gov.kz

Атырау облысында судағы қауіпсіздік талаптарының сақталуына бақылау күшейтілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте Атырау облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Азамат Жұмекешов мәлімдеді.

Оның айтуынша, анықталған құқықбұзушылықтардың басым бөлігі қайыққа белгіленген мөлшерден артық адам отырғызу және құтқару кеудешелерін кимеу жағдайларына қатысты.

– Қайықпен суға шыққан кезде қауіпсіздік талаптарын сақтау өте маңызды. Әсіресе борттағы адамдардың санына және құтқару кеудешелерінің болуына назар аудару қажет. Бұл талаптар ең алдымен азаматтардың өмірін қорғау үшін белгіленген, – деді подполковник.

Биыл 1 шілдеден бастап шағын көлемді кемелерге мемлекеттік бақылау мен қадағалауды Төтенше жағдайлар министрлігі толық жүзеге асырады. Мамандар кемелердің тіркелуін, техникалық жағдайын және қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексереді.

ТЖД мамандары суға шығар алдында қайықтың техникалық жағдайын тексеріп, ауа райын ескеруге кеңес береді. Түнде жүзген кезде жылдамдық режимін сақтап, басқа кемелермен қауіпсіз арақашықтықты ұстау қажет. Сонымен қатар масаң күйде кеме басқаруға қатаң тыйым салынады.

Құтқарушылар тұрғындарды су айдындарында белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтап, өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу