Оқыс оқиғаның 5 ақпан күні Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде болғаны айтылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қылмыстық іс қозғалған бала – Атырау облысы, Құлсары қаласының 10-сынып оқушысы.
– Хабарлама түскен бойда оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетіп, жасөспірім анықталып, ұсталды. Оқиғаға қатысушылар мен олардың ата-аналары полиция бөліміне жеткізілді. Аталған дерек бойынша бұзақылық фактісімен қылмыстық іс қозғалды. 15 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, Ішкі істер органдарының есебіне алынды, – деп мәлімдеді ПД баспасөз қызметі.
Жинақталған материалдар шешім қабылдау үшін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданып отыр. Сонымен қатар, жасөспірімнің ата-анасына қатысты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалған.
– Қылмыстық іс аясында қылмысқа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы білім беру бөліміне ұсыныс енгізілді. Тергеу қорытындысы бойынша білім беру ұйымының лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ оқу орнын күзетуді жүзеге асырған күзет агенттігі қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады, – делінген ПД ресми мәлімдемесінде.