Атырауда тағы бір жасөспірім көпірден секірді

1008

Жас қызды патрульдік полиция құтқарып қалған.

Атырауда тағы бір жасөспірім көпірден секірді

Атыраулық полицейлер көпірден секірген жасөспірімді құтқарып қалды. Дәрігерлерге аязды күні суға жүзген тәртіп сақшыларын да емдеуге тура келді, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Атырау мөлтек ауданында орналасқан көпірден белгісіз адамның секіріп кеткені жөнінде 12 желтоқсан күні 22:20 шамасында "102 операторына" хабарлаған. Хабарлама бойынша оқиға орнына барған патрульдік полиция батальонының қызметкерлері су үстіне жарықшам жағу арқылы шолып, батып бара жатқан қыз баланы байқайды. Аязды күні суық суда алға сүйреген ағыстың ығына берілмей жүзіп жеткен полицейлер қыз баланы 20 минут шамасында жаға алып шығады. Жасөспірім тіршілік белгісін көрсеткенмен, суықтан қатты әлсіреп қалған. Сол себепті құтқарушылар жедел-жәрдемді бірден жақын маңдағы №5 емханаға шақырып, өздері де қызметтік көлікпен сонда жол тартқан. 

"Ойланатын уақыт болмады, құтқарамыз деп бірден суға түсіп кеттік. Бар ойым батып бара жатқан қыз баланы құтқару болды. Әріптесім арқанның екінші ұшын ұстап тұрды, кейін артымнан жүзіп келе жатқанын сезіп, тез қимылдап, жағаға үшеуміздің де аман-есен шығуымыз үшін барлығын жасадым. Әр секунд санаулы, маңызды болды", – дейді полиция сержанты Ғалым Қалбаев. 

Дәрігерлер 2007 жылы туған жасөспіріммен қатар, тәртіп сақшыларының да денсаулығын тексеріп, қажетті көмектерін көрсеткен.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу