3 қыркүйек жауынгерлік өнердің жанкүйерлері үшін ерекше күн болмақ. Атырауда белгілі қазақстандық ғалым Əмен Аманқұловты еске алуға арналған муайтайдан халықаралық турнир өтеді,-деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникация қызметі.
Дүбірлі додада қазақстандық спортшылар Бразилия, Тайланд, Ресей, Австрия, Оңтүстік Африкадан келетін қарсыластарымен сынға түседі.
-Біздің спортшылардың қарсыластарының бəрі тəжірибелі сарбаздар, өз елдерінің чемпиондары, жекпе-жек қызықты өтері сөзсіз,-делінген облыстық дене тəрбиесі жəне спорт басқармасының хабарламасында. - Атыраулықтар жақында өткен Atyrau Sport Fest 2017 спорт фестивалінен жақсы əсер алды, сол үрдісті жалғастырып, жауынгерлік өнерге қызығушылық білдіретіндер үшін тағы да мереке сыйлағанды жөн көрдік.
Турнир ұйымдастырушылары - Атырау облыстық дене тəрбиесі жəне спорт басқармасы, ҚР муайтай федерациясы "Елухан" кəсіби клубы, ҚР муайтай федерациясы Атырау филиалы.
Турнир жергілікті уақытпен 18.00-де Мұз сарайында басталады. Кіру тегін.