Атырауда тарихи ескерткіш ашылды

1235

Атырауда тарихи ескерткіш ашылды

Корейлердің де тарихи отанынан Қазақстанға күштеп қоныс аударылғанына сексен жыл толды. Осынау датаға байланысты Махамбет ауданының Бейбарыс ауылында мемориалдық ескерткіш орнатылды. Онда "Қазақ халқына мың алғыс!" деген сөз қазақ және корей тілдерінде жазылған, деп хабарлайды atr.kz .

Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан корейлері қауымдастығының президенті Сергей Огай мен Оңтүстік Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Ким Де-Сик қатысты. Астанадан келген мәртебелі меймандарды аудан әкімі Сырым Рысқалиев бастаған ел ағалары қарсылап, күтіп алды.

"Сол бір қиын-қыстау кезеңнің куәсі, сталиндік қуғын-сүргіннің куәсі болған аға буын өкілдері үшін бұл ұмытылмас оқиғаға айналғаны ақиқат. Ал, корейлердің осы елде дүниеге келген кейінгі ұрпағы қазақ елін туған елі, отаны санайды. Бүгінгі мынау ескерткішті қиын кезде бауырына басып, қамқорлаған қазақ халқына деген корейлердің шексіз ризашылығының нышаны ретінде қабылдауға тиіспіз",-деді Сырым Мұратұлы.

Аудан басшысының айтқандарын шараға қатысқан белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы Сергей Пак те қостады: "Біз халқымыздың Қазақстанға депортациялануының, сонау шақтағы орны толмас қайғы-қасірет қанды оқиғаға 80 жыл толуын емес, қайта корейлердің қазақ елінде алаңсыз өмір сүріп, бақытты – бақуатты өмір сүріп жатқандарына соншама уақыт өткенін есте қалдырып, бұл күнді мереке ретінде атап өтуді ұйғардық. Өздеріңіз көріп, куәсі болып тұрған мына ескерткішті айтар алғысымыздың шынайы белгісі деп қабылдарсыздар", - деді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу