"Жергілікті уақытпен сағат 12:12-де Атырау қаласындағы С. Бейбарыс даңғылының №99 мекенжайында орналасқан тегершік жөндеу орталығының алдында "Gazelle Nехt" маркалы жүк көлігі өртенді. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде "Mercedes" автокөлігінің де өртеніп жатқаны анықталды. Жалынды сөндіруге облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 5 қызметкер мен 1 техника жұмылдырылды. Өрт сағат 12:30-да толықтай сөндірілді", - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Қазір өрттің шығу себебін анықтау басталды. Өрттің салдарынан зардап шеккендер адамдар мен қаза болғандар жоқ.
"Былтыр автокөліктерге қатысты 79 өрт оқиғасы тіркелген болатын. Оның ішінде 53 жеңіл, 21 жүк, 2 автобус, 2 ауыл шаруашылығы техникасы, 1 жүзу көлігі өртенді. Ал, биылғы жыл басынан бері осындай 66 өрт тіркеліп отыр. Жалын 34 жеңіл, 29 жүк, 2 ауыл шаруашылығы техникасы мен 1 жүзбелі көлікті шарпыды. Осыған байланысты жүргізушілерге өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды, автокөлікте өрт сөндіргіш құралын болуы тиіс екенін ескертеміз", - деп мәлім етті қоғаммен байланыс тобынан.