Атырауда "тегін дәрі тарату" операциясы жүзеге аспады

827

Жергілікті полиция жиналғандарды таратып, жеті адамға қатысты іс қозғады.  

Атырауда "тегін дәрі тарату" операциясы жүзеге аспады

Атырау қаласында бұған дейін қалада орналасқан "Брандо" зауытының шприцтері тегін таратылғанын жазған болатынбыз. Демеушілер көмегімен жүзеге асқан бұл акция ың-шыңсыз өткен-ді. Алайда, "KomekAtyrau" қоғамдық бірлестігінің 4 шілде күнгі сағат 10.00-де мұнайлы астанадағы "Авангард" ықшам ауданының соңғы аялдамасында тұрғындарға тегін дәрі-дәрмек тарата алмады.

Хабарландыру құлағына жеткен қала халқы акция орнына бірнеше сағат бұрын жиналды. Су тегінге дәріханалардан ұшты-күйлі жоқ болған новокаин, цефазолин, аспирин, сондай-ақ, тегін медициналық бетперде алғысы келген адамның көптігі сондай, сол жерде талас-тартыс, дау-дамай болып, оқиғаға полицейлердің араласуына тура келген. 

"Полиция қызметкерлері акцияға жиналған халықты таратты, жеті адамға қатысты жинақталған іс-құжаттар шешім қабылдау үшін  қалалық санэпидстанцияга тапсырылды" деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Өз кезегінде, қалалық әкімдік те баспасөз қызметі арқылы "бұл акцияға ешқандай қатысы жоқтығын, оны ұйымдастырған қала басшылығы" еместігін мәлімдеді.

Тәртіп сақшылары "артық қылам деп тыртық қылған" бірлестік қызметкерлерінің көп мөлшердегі дәрі-дәрмекті қалай алғанын да тексеруі мүмкін. Себебі, қазіргі қойылып отырған талап бойынша, тапшылық етіп отырған дәрілер бір қолға бес данадан артық берілмейді. Оның үстіне, дәріханаларда соңғы күндері қызу өлшейтін құралдар мен аскорбин қышқылына дейін жоғалып кетіп, сөрелер тазарып қалды.

"Қазір барлық дәріханалар жеке қолға қарайды. Біз олардың қызметіне араласа алмаймыз. Алайда, облыс әкімінің тапсырмасымен демеушілер көмегімен дәрі-дәрмектер жеткізіп жатырмыз. Сондай-ақ, "СК Фармация" желісі арқылы емдеу мекемелеріне дәрі-дәрмектер жеткізудің жолдары қарастырылдуда", – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров. 

Құралай Қуатова,

Атырау облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу