Атырауда Теңіз жұмысшыларынан жалған ПЦР-тестілеу нәтижелері анықталған

807

Бұған қатысты тексеру жүріп жатыр.

Атырауда Теңіз жұмысшыларынан жалған ПЦР-тестілеу нәтижелері анықталған

Атырау облысы қазіргі күні короновирус дерті бойынша "сары аймаққа" енді. Облыстағы дертке шалдыққандардың 80 пайызын Теңіз кен орнында жұмыс істейтіндер құрап тұр. Бұл жағдай тәртіпті күшейтіп, қаланы жабуға әкеле ме деген сауалға бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Амантай Жұмағалиев: "Күні бүгін аурушаңдықтың көрсеткіші қатаң шара қабылдауға жеткен жоқ. Дегенмен, Атырау облысы, қала тұрғындары мен қонақтарынан сақтық, шектеу шараларын қатаң сақтауды сұраймын. Мерекелік шараларға қатысып, ұйымдастырудың қажеті жоқ. Сақтану шараларын қатаң ұстану арқылы ғана қауіпті індеттің таралуын тоқтата аламыз" деп жауап берген болатын.

"Теңізшевройл" компаниясы өз кезегінде жұмысшылардан жалған ПЦР-тестінің қорытындыларын анықтағанын айтуда. Компанияның үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев мәлімдегендей, Теңіз кен орнының кейбір мердігер мекемелері санитарлық бекеттерден өту үшін жалған анықтамалар ұсынып, олар әшкереленген. Бұл жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға хабарланып, қазіргі күні тергеліп жатыр екен. 

Белгілі болғандай, кәсіпорын жұмысшылары тұрғылықты жерлерінде короновирусқа тестілеуден өткеннен кейін Теңіз кенішінде жұмысқа кірісер алдында және вахталық жұмысы біткеннен кейін де тексеріліп тұрады. Ресми емес дерек бойынша, бұл жерде мәселе медициналық анықтамаларды қолдан жасап алуда болып тұр. Қазіргі күні жалған құжаттардың санына, қалай және кім жасағанына байланысты басқа ешқандай дерек берілмеуде. 

Атырау қалалық "ОЛИМП" клиникалық-диагностикалық зертханасының директоры Қарлығаш Сапаровадан білгеніміз, зертханалардағы ПЦР-тесттен өткізу кезінде барлық процесс автоматты басқарылатындықтан, ешқандай адам факторы орын алмайды. Нұсқаулықта дерттің бар-жоғын тексеру кезінде мұрынның шырышты қабатынан жұғын алғанға дейін үш сағат қалғанда тексерілуші аузын шайып, тамақ жеуді, ішуді, тісін тазалауды тоқтатуы керектігі жазылған. Соңғы кездері адам спиртпен аузы-мұрнын сүртіп алса, тестілеу нәтижесін теріс болады екен деген түсінік тараған, алайда, зертхана қызметкерлері мұны теріске шығарады. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу