Жайық өзені арқылы өтетін тірексіз көпір құрылысы 2018 жылы аяқталады. Махамбет ауданында салынып жатқан көпір жаңа көлік дəлізін құруға жəне облыс орталығын кептелістен азайтуға мүмкіндік бермек, деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жайық өзені арқылы өтетін жаңа көпір 180 тонна жүк көтереді, ұзындығы - 860 метр, ені - 13 метр. Кірме жолдың жалпы ұзындығы - 8,5 шақырым. Көпір бірегей құрылым бойынша - толықтай бетоннан, тірексіз жасалған.
Қазір нысанға автокөлік жолы салынды. Құрылыс алаңында жұмыс тиімді болу үшін мобильді бетон зауыты орнатылды. Жүретін жол екі жолақтан тұрады, көпір бойында жаяу жүргіншілер жолы қарастырылған.
Құрылыс барысын көрген облыс əкімі Нұрлан Ноғаев ескі Сарайшық қаласының аумағында жүріп жатқан жағаны бекіту жұмыстарын да тексерді.
Қорғаныс бөгетінің құрылысы 2016 жылы басталды, келер жылы аяқталады. Бөгет биіктігі 3 метр, ұзындығы - 1500 метр. Бұл бөгет көне қала орнын су тасқынынан қорғайды.