Атырауда тоқ соққан балаға байланысты қылмыстық іс тоқтатылды

711

Баланың анасы бұл шешіммен келіспей отыр.

Атырауда тоқ соққан балаға байланысты қылмыстық іс тоқтатылды

Атырауда 5 тамыз күні өзінің үйінің ауласында көшені жарықтандыратын бағаннан тоқ соққан балаға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бар болғаны сегіз жастағы Ислам – көп балалы отбасындағы үшінші бала. Оқиға кезінде оның кенеттен жерге ұшып түскенін көршілері көріп қалып, көмекке ұмтылған. Баланы құшақтаған кезде өздерін де тоқ соққаннан кейін не болғанын дереу түсініп, оны жабылып таяқпен іліп алып, топыраққа көмеді. Тұрғындар осылайша өздерінің естіп-білгенін пайдаланып, дер кезінде көмекке келген. 

Одан кейін Исламға тоқ жарақаты, саусақтарының тоққа күйіп қалуы, жарақаттан шок алу диагноздары қойылған. Бұл дерек бойынша ҚР ҚК техникалық қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы бабы іс қозғалып, тергеу шаралары басталады.

"Сараптама қорытындысы бойынша, бала жеңіл дәрежеде жарақат алған. Сол себепті қылмыстық құрам болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды, өйткені бұл бап адам орташа деңгейдегі жарақат алған кезде қолданылады", – деп түсіндіреді облыстық полиция департаментінен.

Алайда баланың анасы Гүлжихан Күмісбаева бұл шешіммен келіспей отыр. Ол енді бағандарды орнатуға тапсырыс берген қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі мен жұмысты орындаған "Еңбек-Атырау" мекемесін сотқа бермек. 

"Қазір Ислам алты айлық емдік курстан өтіп жатыр. Одан кейін қайтадан тексеріледі. Қазір тек қана дәрімен ұйықтайды және кез келген болмашы шудан басы ауырады", – дейді Гүлжихан.

Белгілі болғандай, "Еңбек-Атырау" тоқ жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын орындамаған, атап айтқанда, тоқ адамды соқпай, жерге кету үшін жасалатын міндетті процедуралар жасалмаған.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу