Атырауда топинамбур өсіруді қолға алмақ

1950

Атырауда топинамбур өсіруді қолға алмақ

Атырауда топинамбур атты болашақ өсімдігі өсірілгелі жатыр. Халық арасында "жер алмұрты" деп айтылатын өсімдіктің пайдасы көп. Одан күнделікті тұтынар тамақ, малға азық тіпті дәрі-дәрмек те жасауға болады, деп хабарлайды atpress.kz.
Бұл бастаманы қала тұрғыны Арман Хайруллин қолға алып отыр. Ол Атырау қаласы мен Қарабатан зауыты арасындағы Соколов каналы бойына осы өсімдікті еккісі келеді. Сөйтіп, топинамбурдың шөлейтті өңірге өсетінін дәлелдеп, бизнес-жобаны жүзеге асыруды жоспарлаған.

Әзірге ол Сарайшық селосындағы бір гектарға жуық жерге осы өсімдіктің бес сұрыпын отырғызған. Ал тұқымын Ресейден алдырыпты. Ендігі мақсат – топинамбурдың қай сұрыпы жергілікті климатқа төзімді екенін тексеру. Бүгінде бұл бастаманы Атырау облысының əкімі Нұрлан Ноғаев қолдап отыр. 

"Егер биыл Соколов каналы маңынан үш мың гектарға топинамбур ексек, екінші жылы одан жоқ дегенде отыз мың гектар жерге жететін тұқымын аламыз. Оны облыстың барлық фермерлеріне мал азығы ретінде өте төмен бағамен сатуға болады", - дейді Арман Хайруллин.

Сондай-ақ, бұл экологияны жақсарту бағытындағы бірегей жобалардың бірі болғалы тұр. Себебі, топинамбур орман ағаштарынан екі есе көп оттегі бөледі. Мәселен, 1 гектар орман жылына 3-4 тонна көмірқышқыл газын жұтатын болса, топинамбур 6 тонна көмірқышқылды сіңіріп алуға қауқарлы. Фотосинтез қарқыны да өзгелерге қарағанда 10 есе жоғары. 

Өсімдіктің тағы бір ерекшелігі – ол топырақтың құнарлылығын 70-90 пайызға дейін арттырады. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығының дамуына септігін тигізері сөзсіз.   

Топинамбур - жан-жақты пайдалануға болатын, әрі қалдықсыз өнім беретін өсімдіктердің қатарына жатады. Оның қазір қолданыс аясы өте кең. Атап айтсақ, инулин алуда, оның ішінде инулиннен фруктоза, глюкоза алу өндірісінде, медицинада әртүрлі биологиялық активті заттар алуда, кондитер өндірісіне қажет барлық қоспа түрлерін алуда, спирт өндірісінде көптеп қолданылуда. Топинамбурдың құрамындағы калий, магний комплексі гипертониктер мен жүрегі ауыратындарға белгілі препараттарды толықтай ауыстыра алады. Топинамбурдағы табиғи магний, калий қосылыстары ишиемиялық ауруларды, стенокардияны емдеудегі әсерлі әрі қауіпсіз құрал ретінде қолдануға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу