Атырау халқы күллі мұсылманға ортақ Құрбан айт мерекесін қарсылауда. Қазіргі күні "Qurban2020.kz" сайты арқылы үш жүзден аса тұрғын құрбан мал шалуға өтініш берген.
Өтініш берген азаматтардың атынан облыстың бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы құран оқып, құрбан шалып, облыс тұрғындарын ұлық мейрамымен құттықтады.
Құрбандық шалу үшін Атырауда төрт мал сою орны ұйымдастырылған. Олардың әрқайсысында арнайы өндірістік бақылаушы ветеринарлық дәрігер қызмет етуде. Сондай-ақ, белгіленген орындарда барлық ветеринарлық іс-шаралардың сапалы, заңға сәйкес өтуі мемлекеттік ветеринарлық санитарлық инспекторлардың бақылауында.
Сонымен бір мезгілде, мұнайлы өңірдегі тәртіп сақшылары мереке кезінде карантиндік шаралардың сақталуын қадағалауда. Полиция қызметкерлері халық арасында санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау, мал базарларының жанында адамдардың жаппай жиналуына жол бермеу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Атырау облыстық Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері орынбасарының 2020 жылғы 28 шілдедегі №58 қаулысына сәйкес, Атырау қаласына кіре берістерде қала аумағына құрбандыққа шалынатын ірі және уақ малды әкелуді болдырмау бойынша Атырау-Астрахань тас жолының Қара өзек, Атырау - Орал тас жолының Береке ауылы, Атырау -Доссор тас жолының телемұнара, Атырау-Индер тас жолының Ақжар поселкесі тұстарында мобилді бекеттер қойылған. Сонымен қатар, БҚО-мен шекаралас Атырау-Орал тас жолының Аққала елді мекені тұсында да мобилдік бекет орнатылды.
"Азаматтарды облыс аумағында коронавирус инфекциясының таралуын, жұқтыру фактілерін болдырмауға бағытталған шектеулерді және аталған қаулыда көрсетілген Құрбан айт мерекесі күндері іс-шараларды өткізуге тиым салу талаптарын орындауға шақырамыз. Бұған дейін жарияланған пандемия жағдайында құрбандық шалу алгоритмін сақтаған дұрыс", - деп атап өтті Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Құралай Қуатова