Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше, 2 шілде сағат 19:30-да Атырау қаласының іргесінде Тасқала елдімекенінде тұрғын үй өртенген.
"Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер жеке тұрғын үйдің ас дайындау бөлмесінде газ-ауа қоспасының жиналуынан өрт шыққанын анықтады. Өрт сағат 20:00 кезінде сөндірілді. Жалынды сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 12 қызметкер мен 3 техника жұмылдырылды" деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Белгілі болғандай, өрт салдарынан оқиға орнында 1972 жылы туған әйел мерт болған. Ал, 2009 жылы туған жасөспірім 85% термиялық күйікпен облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Қазір өте ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр.
"Өрттің шығу себебі – газ жабдығын пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларының бұзылуы. Отбасының басқа мүшелерінің айтуынша, өздері газ плитасын газ желісіне арнайы мамандардың қатысуынсыз жалғаған. Бұл – газ және жылыту құрылғыларын пайдалану ережелерін өрескел бұзу" деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда иесі болмаған кезде көпқабатты тұрғын үйдегі пәтер өртенген болатын.