Атырауда “Ұлық ұлыс – Алтын Орда” халықаралық конференциясы салтанатты түрде ашылды. Қонақтардың назарына Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында "Айбыны асқан Алтын Орда" әдеби-театрландырылған композициялық қойылымы ұсынылды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Айта кетейік, үш күнге созылатын шараға "Алтын Орданың" тарихын зерттеп жүрген отандық және шетелдік ғалымдар, сол тұста болған қалалардың орынында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар, этно-археологтар, Алтын Орда дәуіріндегі ақша сарайлары, монета соғу ісімен айналысып жүрген археолог-нумизмат, фольклорист ғалымдар қатысуда. Сондай-ақ халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның "Алтын Орда дәуірінің мәдени мұрасы тарихи деректерде", "Археологиялық құндылықтардың тарихи маңызы", "Ұлық Ұлыс дәуірі фольклорының ерекшеліктері", "Қасым Хан және Сарайшық: Қазақ мемлекеттілігі тарихында" атты 4 панелдік отырысында тақырыптық баяндамалар талқыланады.
Сонымен қатар суретшілер пленері өткізіліп, Атырау облысы аумағындағы Сарайшық, Ақтөбе-Лаэти қалалары мен Таскешу керуен сарайларының орындарына жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған артефактілерден арнайы жасақталған "Ұлық Ұлыс – Алтын Орда" көрмесі көптің назарына ұсынылады.
Конференция қонақтары алғаш рет Атырау аумағында 1975 жылдан 2020 жылға дейін жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының түпнұсқа ғылыми есептерімен танысу мүмкіндігіне ие болып отыр. Бекітілген жалпыұлттық жоспарды жүзеге асыру мақсатында Ұлы жібек жолы бойындағы Алтын Орда астанасы болған Сарайшық ауылында этноауыл құрылып, тақырыптық көрмелер, қолөнершілердің шеберлік сағаттары, жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Келушілер Атырау қаласы мен Жылыой ауданының территориясындағы тарихи-мәдени нысандарды да аралайды. Сонымен қатар Алтын Орда тарихына байланысты деректі фильм мен бейнебаяндар түсіру жоспарланған.
Құралай Қуатова