Атырауда "Ұлық Ұлыс – Алтын Орда" іс-шарасы қорытындыланды

994

Көне жәдігерлер әлі табылып жатыр.

Атырауда "Ұлық Ұлыс – Алтын Орда" іс-шарасы қорытындыланды

Атырауда үш күнге созылған "Ұлық Ұлыс – Алтын Орда" халықаралық іс-шарасы аяқталды. Ғалымдар көне керуен сарайы орнын Қазақстанның тарихи-мәдени құндылықтары тізіміне енгізуді ұсынып, келешекте елімізде Жошы Ұлысын зерттеуге арналған ғылыми институт құрылатыны айтылды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Іс-шара кезінде Сарайшық елді мекенінде этноауыл құрылып, ондағы көрмеге Аралтөбе және Миялы қорғанынан табылған алтын сауытты батырлар, көне жәдігерлер, бес қару, тоқсанға тарта домбыралар коллекциясы қойылды. Сарайшықта өткен көрме барысында келушілер назарына барлығы 315 экспонат ұсынылған.

Сондай-ақ Сарайшық ауылынан 15 шақырым жерді зерттеген археологтар сол тұстан көне керуен сарайының қалдықтарын тапты. Бұл жерден "Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері биылғы жылы жүргізген қазба жұмыстары кезінде жебе ұштары, айна, керамика сынықтары, тиын сақтайтын шағын құмыраны, Өзбек хан тұсындағы теңгелер мен монеталарды тапқан. Ғалымдар осы арада XIV ғасырда сауда керуендері тоқтайтын керуен сарайы болған деп болжайды. 

"Биыл маусым айында археологиялық қазба жұмыстарын бастадық. Ащысай өзенінің жағасында керуен сарайы, халық тұратын тұтас бір елді мекен болғанын дәлелдейтін жәдігерлерді таптық. Көріп отырғанымыздай, көне құмыраның сынықтары мен қыш ыдыстар барлық аумақта кездеседі. Археологиялық жұмыстар енді ғана басталды, біз бұл аумақты зерттеп, қазба жұмыстарын жүргіземіз", – дейді Атырау облыстық тарихи-мәдени қорық-мұражайының бас инспекторы Айбек Тұрарұлы.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу