Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінен мәлім еткендей, теріс діни ағымды ұстанатын жігіт көлік жөндеу орталығына ұрлыққа түскен.
"Күдікті Атырау қаласындағы көлік жөндеу орталығының ғимаратына пастикалық терезеден кірген. Бөтеннің мүлкіне заңсыз қол сұққан күдікті жанар-жағар май өлшейтін манометр құрылғысын, түрлі кілттер жиынтығы салынған екі қобдиды, темір кесетін құралды жымқырып, оқиға орнынан бой тасалаған. Бірақ, полиция қызметкерлерінің жедел іс-шарасы нәтижесінде ұры ұсталды", – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Тергеп-тексеру кезінде күдіктінің деструктивті діни ағымның өкілі екені анықталды. Бұрын бірнеше рет сотталған.
"Сот үкімімен 22 жастағы айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексі 188-бабының 3 бөлігі 3-тармағымен кінәлі деп танылды. Сотталушыға 4 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды", – деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Бұдан бұрын Атырауда деструктивті діни ағым өкілінен тапанша тәркіленген болатын.
Күдікті ретінде ұсталған 31 жастағы ер адам қаруды заңсыз сақтап, тасымалдаған. Полиция қызметкерлері деструктивті діни ағым өкілінен серия нөмірі өшірілген "ОСА" маркалы травматикалық тапаншаны тәркіледі. Қаруға сараптама тағайындалды. Күдіктінің бұрын сотты болғаны анықталды. Деструктивті діни ағым өкіліне қатысты ҚР Қылмыстық кодексі 287-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған еді.