Атырауда үздік бизнес-идеялар талқыға түсті

2121

Биыл оларды орындауға 170 млн теңге бөлінбек.

Атырауда үздік бизнес-идеялар талқыға түсті

Атырауда "Бизнестің жол картасы-2025" кәсіпкерлерді қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы  шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру туралы конкурстық комиссия отырысы өтті. Биыл оны жүзеге асыруға 170 миллион теңге қарастырылып отыр, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Айта кетейік, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 2013 жылдан бері мемлекеттік гранттар беріледі. Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты – жаңа жұмыс орындарын құру мен бизнес-идеяларды іске асыру. 

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Қаныш Мәмбетовтың хабарлауынша, биыл 14-22 қыркүйек аралығында кәсіпкерлік субъектілерінен құжат қабылдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 206 кәсіпкерлерден өтінім тіркелді. 

Олардың ішінде жылыойлық Айзада Қалуова - тіс дәрігері, кәсібін әрі қарай дамыту үшін байқауға қатысқан.

"Аудандағы тіс емханаларында мен сұраныс беріп отырған арнайы құрылғы жоқ. Мұндай стоматологиялық микроскоппен тісті 25 есе үлкейтіп көрсетуге мүмкіндік бар. Құралға қол жеткізсем аудан тұрғындары Атырау қаласына барып, уақыттарын жоғалтпас еді. Сондықтан тіс емдеуге аса қажетті АҚШ-тың арнайы құралын алуға мемлекет тарапынан қолдау күтемін", - дейді ол.

Индерлік Анар Ілиясова жоңышқа сортын өсіруге ниетті. Ол үшін 20 гектар жер де алып қойған, тек тұқым мен арнайы құрал-жабдықтар алу үшін қолдау сұрайды. Осылайша бірі үй құстарын өсіру, бірі тігін ісін ашу, енді бірі қосалқы білім беру, тағы басқа да халықтың сұранысына ие кәсіптерін жүргізуге талпынған 19 кәсіпкер конкурсқа қатысқан. 

Белгілі болғандай, 2013-2020 жылдар аралығында 221,9 млн. теңге қаражат бөлініп, 252 жұмыс орны құрылуымен 116 кәсіпкердің жобасына мемлекеттік грант берілген. Бұдан бөлек, биыл өңірде "Бизнес Бастау" жобасы аясында бір мың адам оқуын аяқтаған, оның ішінде 238 кәсіпкерлік нысаны несие алуға ниет білдірген. Сонымен қатар "Жол картасы" шеңберінде несие алуға ынта білдірген, бірақ "Бизнес Бастау" жобасын оқымаған 38 кәсіпкердің тізімі жасақталыпты.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу