Атырауда вокзал аумағы ұлғайтылмақ

1036

Жоспар бойынша, оған автобекет қосылуға тиіс.

Атырауда вокзал аумағы ұлғайтылмақ

Атырауда теміржол вокзалын кеңейтпек. Алайда, ол үшін жанында тұрған автобекет басқа жерге көшірілуі тиіс, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Белгілі болғандай, вокзалдың жалпы аумағы - 3 307,8 шаршы метр. Ғимаратқа 2015 жылы күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген. Алайда, жаңа бағыттарға жүретін пойыздардың қосылып, жүргіншілер саны арта бастағасын теміржол вокзалы тарлық етіп тұр. 

"1972 жылы салынған ғимараттың сыйымдылығы 500 адамға есептелген. Бүгінде келушілердің саны үш мың адамға дейін артты. Жол жүру бағыттары да көбейді. Мәселен, студенттер көп қатынайтын Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Маңғыстау, Ақтөбе, тіпті, Құлсарыға қатынайтын вахталық режимдегі жұмысшылар да теміржол вокзалы арқылы жол жүреді. Осыған байланысты вокзалды кеңейту жоспарлануда", - деп хабарлайды Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі. 
"Біз вокзалды оның қасындағы автобекетті қосу арқылы ұлғайту керек деп ойлап отырмыз. Оның тұрған жері құжат жүзінде бізге қарайды. Бірақ, жоспар автобекетті "Қазақстан темір жолы" балансына қосып алғанан кейін ғана жүзеге асырылады. Қазір осы жұмыспен айналысып жатырмыз", – дейді "ҚТЖ" Атырау магистральді желі бөлімшесінің директоры Елубай Сапаров.

Айта кетейік, қала бойынша бұл жер адамдардың көп жиналатын орны болып саналады. Себебі, вокзал жанында Атыраудан аудандарға, көрші облыстарға және Ресей қалаларына қатынайтын автобустар мен таксилер жүретін автобекет, қарама-қарсы ірі "Дина" сауда орталығы орналасқан. Сол себепті, автобекет ғимаратын бес жылға жалға алған "Лава Транс" ЖШС директоры Вадим Сенкевич мұндай шешімді түсінбегенін айтады. Ғимаратқа 30 млн.теңге инвестиция салған мекеме оның сыртқы бетін жөндеп, пандус салып, ішін жаңартып, канализация жүйесін ауыстырып, қазіргі қалпына келтірген. 

Айтылған жоба іске асқан жағдайда, автобекет қала жанындағы "Аламан" базарының маңына көшірілуі мүмкін. Әзірге жасалып отырған бұл ұсыныс үйреншікті әрі қолайлы жерден алыстап кеткісі келмеген бекет басшылығына да, тұрғындарға да ұнап тұрған жоқ.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу