Атырауда жағалаулар тазартылуда

902

Ал қала сыртын дрондар бақыламақ.  

Атырауда жағалаулар тазартылуда

Атырау облысында қыстың ақпан айы болғанына қарамастан күн ерекше жылып тұр. Соған байланысты қаланы тазалау жұмыстары да қызу жүргізіліп жатыр, деп жазды inbusiness.kz  тілшісі.

Атап айтқанда, шаһардағы коммуналдық мекемелердің коммуналдық қызметтері Жайықтың жағасын тазартуға жұмылдырылып, оның сол жағалауындағы Дамбы, Амангелді селоларынан 12 тонна қоқыс шығарылған. Әлиев көпірінен бастап Тұрғын үй қалшығы-Авангард ықшамауданына дейін де ондаған тонна қоқыс алынып, оның бәрі полигонға тасылды.

Соңғы жылдары Жайықтың жағалауынан көз тартатын демалыс орындары, субұрқақтар ашылған еді. Өкінішке қарай, демалып, көңіл көтерген тұрғындардан қалған қоқыс-қалдық та еселеп көбейе түскен. Соған байланысты қала әкімі Қайрат Оразбаев әлеуметтік желідегі парақшасында "жағалауды күнделікті аралай келе, берекесіз шашылған қоқыс пен тамақ қалдықтарын жиі көретініне" қынжыла отырып, көпшілікті мұнайлы астананың тазалығын сақтауға атсалысуға шақырды.

"Қала тұрғындарының қолдауы болмайынша, қоғамдық орындардағы тәртіптің тиісінше деңгейде сақталмауынан туындайтын қоқыс мәселесін бір жақты шешу мүмкін емес. Сол себепті жерлестеріміз, әсіресе жастарға айтарым: демалып болған уақытта айналаны таза ұстап, қаланың келбетіне нұқсан келтірмеуге жұмыстану қажет. Өйткені, тазалық тек жұмысшылар жүрген жерде емес, әр адамның өзінен басталады", - деп жазады қала басшысы.

Сонымен бірге, Атырауда "Қыран" жобасы қолға алынып отыр. Ол дрондар арқылы қала маңына мониторинг жасаумен айналысады. Басқаша айтқанда, полиция тұрғын үйлердің септигінен алынған суды, басқа да қалдықтарды көзден таса жерлерге төгіп кету, заңсыз топырақ қазып алу әрекеттерін дер кезінде қолға түсіріп, жауапқа тартпақ. Бұл іске алысқа әрі жылдам ұшатын, сондай-ақ, адамдардың көзіне көрінбей түсіріп алатын дрон аппараттарының көмегі көп тиіп отыр. Жоба қолға алынған алғашқы аптаның ішінде ғана бір "КамАЗ" иесі 29 170 теңге айыппұл төлеп, тағы екі көлік жүргізушісіне айыппұл салынған. Аталған заң бұзушылықтарды байқаған жанашыр жандар "Қыран" диспетчеріне хабарласып, ол жөнінде хабарлауына болады.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу