Атырауда жағдай тұрақты

1260

Макс Боқаев кісі өлімі орын алғаны үшін кешірім сұрады.

Атырауда жағдай тұрақты

Атырау облысында аймақ басшысының бастамашыл топпен кездесуінен кейін жағдай тұрақталды. Өкінішке қарай, бір адам көз жұмды деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Атырау облысында 49 полицей мен 27 сарбаз жарақат алып, бір адам көз жұмды. Облыстық әкімдік ғимараты мен полицияның жеті көлігі бүлінді. Митингіге қатысқан 275 адам полицияға жеткізіліп, 168 күдіктіге қатысты тергеу жүруде. Сондай-ақ жаппай тәртіпсіздіктер болған соңғы аптада 62 адам медициналық көмекке жүгінген, оның ішінде жетеуі ауруханаға жатқызылыпты. Зардап шеккендердің 42-сі – әскери қызметтегі адамдар. Қазіргі күні өкілетті мекемелердің мәліметіне сәйкес, осындай деректер келтіріліп отыр. 

Айта кетейік, мұнайлы өңірде 5 қаңтар күні он адамнан тұратын бастамашыл топ облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен кездескеннен кейін жағдай қалпына келді. Бастамашыл топ әділ сайлау өткізу, пайдалы қазба орындарына қатысты келісім-шарттарды қайта қарау, экологиялық бағытта өндірілген айыппұлдарды жергілікті бюджетте қалдыру жолдарын қарастыру сынды бірқатар талап-тілектерін қойып, аймақ басшысы туындаған мәселелерді тиісті органдармен келісе отырып шешуге жұмыстанатынын жеткізді.

Бұл кездесуде шеру ұйымдастыршыларының бірі Макс Боқаев "митингте адам өлімінің болғанына өзін кінәлі сезінетінін" айта келіп, оны доғаратынын мәлімдеді. Қазіргі күні 23 жасар жас жігіттің қаза тапқаны белгілі. Марқұмның жеке басына қатысты мәліметтер әзірге жария етілген жоқ. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу