Атырауда "Жайық-Атырау" мен "Атырау бекіре балық өсіру" зауыттары біріктірілмек

2355

Соның арқасында жылына 12 млн шабақ өсіріледі.

Атырауда "Жайық-Атырау" мен "Атырау бекіре балық өсіру" зауыттары біріктірілмек

Атырау облысында балық шаруашылығы саласында бес мыңға жуық адам жұмыс жасайды. Былтыр 14 мың тонна балық ауланған. Қазіргі күні елімізде ауланатын балықтың шамамен, үштен бір бөлігі облысқа тиесілі. Бұл жөнінде облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов өткізген балық шаруашылығын дамыту мен балық қорын молайту мәселелеріне қатысты селекторлық кеңесте айтылды. 

Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, биыл "Жайық-Каспий бассейіні" бойынша көктемгі балық аулауға 7434 тонна квота бөлінген.

"Күні бүгін бөлінген квота бойынша 6492 тонна балық ауланды, яғни лимит 87 пайызға игерілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 794 тоннаға артық. Балық аулау рұқсаттары арқылы көктемгі маусым ақпан айында басталды. Бұрын квотаның кеш бөлінуіне байланысты, балық аулау маусымы сәуір айында басталып, көктемгі лимиттің игерілуіне кедергі болатын еді. Биылғы науқан коронавирус инфекциясының таралуына тұспа-тұс келсе де өз деңгейінде өтті", - деді облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.

Белгілі болғандай, балық өнімдері Ресей Федерациясы, Украина, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия, Франция, Литва және Израиль елдеріне экспортталған. Қазіргі уақытта, облыста 18 балық шаруашылығы кәсіпорнында 617 тұрақты және 4385 адам маусымдық жұмысқа тартылған. 

Сондай-ақ, бекіре тұқымдас балықтарының қорларын сақтап қалу және олардың санын молайту мақсатында жыл сайын Жайық өзеніне 7,5 миллионнан астам бекіре тұқымдас шабақтары жіберіледі. 

Соның нәтижесінде, биыл ауланған бекіре балығының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есеге артқан. Қазіргі уақытта "Жайық-Атырау" бекіре балық өсіру зауыты мен "Атырау бекіре балық өсіру" зауытын біріктіріп, қайта құрып қуаттылығын артып, жылына 12 миллион шабақ өсіру жоспарлануда.

Артур Сәдібекұлының тағы бір хабарлағаны,  облыста тоғанда балық өсіру жобасы алғаш рет қолға алынып отыр. Оны "Восток" және "Тілекші" ЖШС мен "Абдулов" шаруа қожалығы жүзеге асыруда. 
    
Құралай Қуатова

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу