Атырауда жанармайы таусылып, далада қалған көліктен 4 адам құтқарылды

675

Атырау облысында жанармайы таусылып, жолда қалған көліктен 4 адам құтқарылды.

Атырауда жанармайы таусылып, далада қалған көліктен 4 адам құтқарылды

Оның ішінде 5 жасар қыз бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, Ақтөбе облысының 4 тұрғыны жолға шығып, далада қалып қойған.

"Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Миялы ауылынан 4 адам көлікпен жолға шығып, Атырау облысындағы Құлсары қаласына бармақ болған. Олар жолға 16 ақпанда шыққан. Алайда, жолаушылар Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласына жетпеген, не кері ауылына оралмаған. Туыстары олардан еш хабар алмаған", - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментіне Ақтөбе облысынан жолға шығып, хабарсыз кеткен 4 адамның жоғалғаны туралы хабар кеше, 17 ақпанда түскен. Соған байланысты департаменттің құтқару тобынан 5 қызметкер жоғалған адамдарды іздеуге жедел кіріскен.

"Құтқарушылар іздестіру жұмысын жүргізіп, Құлсары қаласынан 120 шақырым қашықтықтағы "Намазтақыр" учаскесінен 4 адамды аман-есен тапты. Жолаушылардың айтуынша, көліктің жанармайы таусылып, елсіз далада тоқтап қалған. Көлікте 1976, 1979 жылғы екі ер адам, 44 жастағы әйел мен 2018 жылы туған қыз болғаны анықталды", - деп мәлім етт департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Жолда қалған жолаушылардың денсаулығына зардап келмеген. Сол себептен, олар медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгінген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу