Атырауда жеке кәсіпкерлер қалалық жұмыспен қамту орталығына шағымданды

940

Атырау облысы кәсіпкерлер палатасында 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" бағдарламасы бойынша берілген гранттарға мониторинг жүргізу тәртібі мен берілген гранттарға салық салу мәселелері қаралды. Бұған жеке кәсіпкерлер Динара Аманғалиева мен Динара Жұмалиеваның Атырау қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Гүлнар Құспанованың үстінен кәсіпкерлер палатасына түсірген шағымдары негіз болды.

Атырауда жеке кәсіпкерлер қалалық жұмыспен қамту орталығына шағымданды

Олар кәсіпкерлер палатасына мемлекеттен алған грантты салық органдары оның кірістер есебіне енгізуді талап етуі орынды ма деген сауалмен келді.

Динара Амангалиева былтыр аспаздық өнімдерді дайындаумен айналысу мақсатында "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа өтініш берген болатын. Ал Динара Жұмалиева қыз жасауын дайындаумен айналысу үшін грантқа өтініш берген. Олар екеуі де іріктеуден өтіп, 583 мың 400 теңге көлемінде грант иегері атанады.

Былтыр облыс бойынша 401 адамға жалпы көлемі 233 млн тенге көлемінде мемлекеттік грант бөлінген. Ал қала бойынша 148 млн теңгенің үстінде 255 грант бөлінген. 

Қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Гүлнар Құспанованың айтуынша, былтыр грант жақсы бизнес-жоспар дайындағандар мен мүгедектер және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарға көбірек берілгенін айтады. Биыл грант иегерлерін мемлекеттен бөлінген қаржының мақсатты пайдаланылуын тексеру үшін мониторинг басталған екен.     

Шағымданып келіп отырған кәсіпкерлер бизнес-жобаның іс-шараларын орындау туралы есеп-қисабын орталыққа толық табыстап, грант қаражатын мақсатты пайдаланылғанын растайтын құжаттарды ұсынған.

Кәсіпкер Динара Жұмалиева орталық директоры Құспанованың өзін шақырып, 2021 жылы тапсырылған есеп-қисабы мен "Kaspi bank" АҚ-ғы банктік есеп-шоттарының тексерілетінін және Салық органына тізім жолдайтынын айтып, міндетті төлемдерді (салық) жасауын талап етіп, қысым көрсеткеніне де арызданған.

Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың айтуынша, кәсіпкерлердің өтінішін қарау барысында орталық директоры 30 мамырда Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына грант алған кәсіпкерлердің тізімін бере отырып, хат жолдағаны анықталған.

- Аталған хатқа сәйкес орталық директоры Құспанова мемлекеттік кірістер органынан грант алған кәсіпкерлердің салық заңнамасына сай төлемдерін қадағалауды сұраған.

Дегенмен, ҚР Үкіметінің 23.08.2018 жылғы № 513 қаулысымен бекітілген нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру қағидаларының 22 тармағына сәйкес, "халықты жұмыспен қамту орталығы шарт жасасқан күннен кейін екі жұмыс күні ішінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алушының ағымдағы банктік шотына ақша қаражатын аударуды жүзеге асырады және мемлекеттік грант алған бағдарламаға қатысушы туралы деректерді ауданның (қаланың) салық органына жібереді" деп көрсетілген.

Бұл тұрғыда, халықты жұмыспен қамту орталығы грант алғандардың тізімін 2021 жылы салық органына жібергеннен кейін, бағдарлама бойынша салық органы алдындағы міндетінен орындаған болып есептеледі.

Шарттардың мерзімі аяқталғанына және бюджетке төленетін міндетті төлемдердің түсуін қадағалайтын арнайы органның бар екеніне қарамастан Орталық директоры кәсіпкерлерді заңсыз қудалап, салық органына негізсіз хат жолдаған, - дейді Жолдыбаев.

Бағдарламаның 23 тармағына сәйкес, бағдарламаға қатысушы мемлекеттік грант алған күннен бастап үш ай ішінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында өз қызметін тіркеу немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеу арқылы оның нысаналы пайдаланылуын растайды.

Бүгінде барлық грант алған кәсіпкерлер тиісті мемлекеттік органда жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бағдарламаға сәйкес өз міндеттерін толық орындаған.

Ал орталық директоры Құспанованың Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына бірнеше кәсіпкерге қосымша салық есептілігін табыс ету туралы хаты на орай заң талаптарына сәйкес келмейді деп есептейді Жолдыбаев.

- ҚР Қаржы министрінің "Салықтық және кедендік әкімшілендірудің кейбір мәселелері туралы" 2018 жылдың 8 ақпанындағы №146 бұйрығыда мемлекеттік кірістер органы беретін хабарламалардың нысандары бекітілген.

Мемлекеттік кірістер басқармасы кәсіпкерлерге берілген гранттарды табыс ретінде көрсетуін талап етіп отырған хаты жоғарыда аталған заң талаптарына сәйкес келмейді.

Сол себепті, аталған мәселелерді Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі Кеңес отырысының кезекті жиналысында күн тәртібіне шығарамыз, - деді Жолдыбаев.

Айнұр Сапарова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу