Атырауда жетпей жатқан жеке қорғаныш құралдары қоймада толып тұрыпты

829

Оған жол берген облыстық денсаулық сақтау басқармасына қатысты деректер қаралып жатыр.

Атырауда жетпей жатқан жеке қорғаныш құралдары қоймада толып тұрыпты

Атырау облысының прокуратурасы облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты екі бірдей тексеру жүргізуде. Оның біріншісі, "АТМА –Атырау әуежайы және тасымалдау" АҚ маусым айының соңында демеушілік көмек ретінде берген жеке қорғаныш құралдары: 1500 қорғаныш көзілдірігі, 6000 қолғап, 7000 біржолғы қолданылатын бетперде, 1750 комбинезон, сондай-ақ, 1750 қорғаныш экранына қатысты.

Алайда, облыстық денсаулық сақтау басқармасы барлық медициналық мекемелердің үш апталық қоры бар деген сылтаумен оларды ешқайда таратпай, қоймада ұстап отырады. Шындығында, прокуратура анықтағандай, бұл кезде аймақта аталған дүниелер аса тапшылық етіп тұрған. Соның салдарынан Исатай аудандық орталық ауруханасы шілде айында 2,5 млн теңгеге 500 комбинезон мен 5000 медициналық маска сатып алуға мәжбүр болып, Жылыой аудандық орталық ауруханасы да қиналғаннан 50 000 бетперде, 5000 комбинезон, 30000 қолғап және 100 қорғаныш көзілдірігін сұратады.

"Басқарманың осындай қысылтаяң кезде әрекет етпей отыруы бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға әкеп соққан, ал ауруханалар өмір мен өлім сынға түскен кезде керекті заттарын ала аламаған. Бұл дерек бойынша материалдар әрі қарай тексеру үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органына жіберілді" – дейді Атырау облысы прокурорының аға көмекшісі Қанат Қабдолов.

Сонымен қатар, жақында "Ақ жол" демократиялық партиясының парламенттік фракциясының жетекшісі Азат Перуашев көтерген Орал қаласынан жасанды желдету аппаратын сатып алу мәселесін де облыстық прокуратура аталған органға жолдаған. Бұл жолы облыстық денсаулық сақтау басқармасы "ОралМедРегион" ЖШС-мен республикалық бюджеттен 598 млн теңгеге 45 дана ИВЛ аппаратын сатып алу үшін келісім-шарт жасап, кейін одан біржақты негізде бас тартқан болатын. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу