Атырауда екі тәулік бойы ізделген баланың денесі Перетаска каналынан табылды. Тоғыз жасар Еппили Саяли Аннанд Раонды арнайы қызметтермен, иісшіл иттермен бірге еріктілер де тынбастан іздеген еді, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Еппили Саяли Аннанд Раон 22 қаңтар күні сағат 15.00-де бауырымен бірге серуендеп шыққан. Кешке кішкентай інісі қайтып келіп, ағасының әрі қарай серуендеп кеткенін айтады. Баласын іздеп таба алмаған ата-анасы полицияға хабар береді.
Іздестіру жұмысына облыстық төтенше жағдай басқармасы қызметкерлерімен қатар, еріктілер де қатысты. Ұзамай сол күні кешке баланы соңғы рет көрген куәгер әйел де табылды.
"Мен кеше кешкісін сағат 17:00 шамасында үй маңындағы дәріханалардың біріне бара жатқанда, судың жағасында жүрген үстінде сұр күртешесі бар орта бойлы кішкентай баланы байқадым. Мұздың үстінде тұрып, аяғымен ойғылап жатқанын байқап, айқайлап, "мұз қауіпті, бері шық, ойылып кетеді" деп ескерттім. Кейін баланың қамыстардың арасымен жоғары қарай кетіп бара жатқанын көрдім. Өзім әрі қарай кеттім, сол уақытта ауырып тұрғам. Кейін қайтып бара жатқанда бала көрінбеді", – деген.
"Жоғалған баланың денесі Перетаска каналынан табылды. Сүңгуірлер 23 қаңтар күні сағат 19.00-де каналдың ортасына жақын тұстан оны алып шықты", – деп хабарлайды Атырау облысы ТЖД Қоғаммен байланыс тобы.
Айта кетейік, аталған су арнасының маңайы қауіпті болғандықтан ол жерді қоршап қою жөніндегі әңгімелер бұған дейін де қозғалған болатын. Өкінішке қарай, Перетаска каналына балалардың байқаусызда батып кеткен жағдайлары бұған дейін де кездескен. Былтыр қаңтар айында осы жерде шанамен ойнап жүрген тоғыз жастағы екі бала суға кетті.
Құралай Қуатова