Атырауда 20 қыркүйек күні мал іздеп шығып кеткеннен оралмаған азамат аман-есен табылды. Іздеушілер оны Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Мәштісай ауылының тұсындағы Сабила құдық учаскесінің шабындық жерінен тапқан.
Индер аудандық полиция бөліміне 20 қыркүйек күні сағат 22:00 шамасында Өрлік ауылының тұрғынынан осы ауылға қарасты "Көкат" шаруа қожалығының жұмысшысы 51 жастағы Аманкелді Есовтың белгісіз бағытқа мал айдап кеткеннен қайта оралмағаны туралы хабарлама келіп түседі. Аудан полицейлері жедел іздестіру жұмыстарын хабарлама түскен сәттен бастаса да, ешқандай нәтиже болмай келген-ді. Ақыры, арада екі күн өткеннен кейін таңғы сағат 03:30 шамасында Аманкелді Есов табылады.
Жолдан адасып, екі күн бойы нәр сызбаған, әбден әлсіреп, оның үстіне жауын астында қалған азаматқа полицейлер дереу алғашқы көмек көрсетіп, киімдерін ауыстырып, аман-есен үйіне жеткізген. "Көкат" шаруашылығының қожайыны Индер ауданының полицейлеріне жұмысшы Аманкелді Есовты дер кезінде тауып, көмек көрсеткендері үшін бейнежазба арқылы алғысын жеткізді.
Құралай Қуатова