Атырауда биыл тозығы жеткен электр қондырғыларына қайтадан жаңарту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Өткен жылы осындай алты трансформатор жаңартылып, 33 трансформаторға күрделі жөндеу жүргізілген.
"Атырау-Жарық" АҚ қалалық электр жүйелерінің 2017 жылы атқаратын жұмыстары жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлады atpress.kz
"Атырау-Жарық" қалалық электр желілерінің бастығы Қуат Сисенғалиевтің мәліметіне сай, биыл Атырауда тозығы жеткен бес электр трансформатор бекеті бұзылып, жаңадан салынбақ.
"Жаңартылып қайта салу кезінде электр қондырғылары толықтай жаңасына ауыстырылады және трансформаторлық пункт ғимаратының орнына жаңасы салынады. Жаңа электр қондырғылары мен жоғары қуатты трансформаторлар орнатылады", – деді Қуат Сисенғалиев.
Жаңартылатын трансформаторлар тізімінде Авангард-2 ықшам ауданындағы №7, №8, №9, №16 көп қатарлы тұрғын үйлерді электр энергиясымен қамтамасыз етіп тұрған 172-1 трансформатор бекеті, Сарыөзек ауылындағы облыстық өкпе аурулары ауруханасы маңындағы 148-1 трансформаторы, қазақ соқырлар қоғамы қоғамдық бірлестігінің Атырау филиалы ғимараты мен Ғұмаров, Гословская, Владимиров көшелерін электр энергиясымен қамтып тұрған 174-3 трансформаторы, Уалиханов, Заводская, Свердловская көшелерінің тұрғын үйлерін қамтамасыз етіп тұрған 27-11 трансформаторы және Біләлов, Нысанбаев, Молдағұлова көшелеріндегі тұрғын үйлерді электр энергиясымен жабдықтап тұрған 143-1 трансформатор бекеті бар.
"Жаңартылуы қажет деп танылған трансформаторларға жиырма жылдан аса уақыт өткен. Бұдан бөлек, қалада 33 трансформатр бекетіне жыл соңына дейін күрделі жөндеу жүргіземіз", – деді "Атырау-Жарық" қалалық электр желілерінің бастығы Қуат Сисенғалиев.