Атырауда жол құрылысына материал тапшы

376

Мұнайлы өңірде жыр болған "Атырау-Астрахан" тас жолының құрылысы баяу жүруде.

Атырауда жол құрылысына материал тапшы Фото: Ашық дереккөзден

 

Жұмысты арттыруға материал тапшылығы себеп. Ал тексеріс жүргізген облыстағы "Ұлттық сапа" орталығының өкілдері жол сапасыздығын анықтаған. Енді мердігерлер 2 шақырымға жуық асфальтті қайта төсейді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.  

Республикалық маңызы бар тас жол биыл қолданысқа беріледі дегенге жұрт сенуден қалған. Ары-бері ағылған көлік иелері тек бірең-сараң техника көреміз дейді.

"Жолдың құрылысына көңіл толмайды. Көк ала шаң, су шашпайды. Машинамыз тарсылдап жүріп жатыр. Бұл жолы бітіреді дегенге сенбеймін. Құрылыс жүріп жатқаны байқалып тұрған жоқ. Әр жерде 1-2 трактордан тұрады. Бірақ жасап жатқан адамдар көрінбейді", - деді облыс тұрғыны Ерқанат Бисенғалиев.

Бұқараның көңілі көншімейтіндей жөні бар. Онсыз да сағызша созылған тас жолдан Ұлттық сапа орталығының мамандары да кемшілік анықтаған. Сөздерінше, 2 шақырымға жуық асфальт талапқа сай емес. Мердігерлер оны қайта төсеуге міндетті.

"Шақырымында жол жабындысының тегістігі сақталмағандығы, төменгі қабатының, сондай ақаулықтар бар. Ол арнайы аспап арқылы анықталды. Бізде жылжымалы жол зертханасы бар. Сол жылжымалы зертханамен жүріп өткен кезде 1км 700 м жер қайта жасалуға жасады қазіргі уақытта", - деді "Жол активтері" Ұлттық сапа орталығының бөлім басшысы Нұрлан Жантөрин.

Биыл жолдың құрылысы сәуірде басталған. Қазірге дейін 25 шақырым ғана төменгі қабат төселіпті. Жұмысты жалғастыруға қиыршық тас тапшылығы кедергі. Аса қажетті құрылыс материалы өңірге көрші Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарынан келеді. 

"Биылдың өзінде 2 млн тонна қажет. Сол екі млг тоннаның бізде 28 мың вагон қажеттілігі бар, қазір алып жатырмыз 7 мыңнан астам, енді 21 вагон керек. Осы мәселені шешу қазір ең басты мәселе. Егер бізге қиыршық тас келетін болса, өз өлшемдерімен әр учаскеде екінші фронт ашуға болар еді. Екінші де, үшінші де ашуға болады. Бірақ ол техниканы, адамды әкелесің. Жұмыс жасайтын қиыршық тас жетпесе мағынасы болмайды", - деді "Қазавтожол" ҰҚ АОФ директоры Болатбек Айтпаев.

Атырау мен Астраханды жалғап тұрған бағыттың жалпы ұзындығы 277 шақырым. 2021 жылы қолданысқа соның 60 шақырымы ғана берілген. Бүгінде 108 шақырымына бір қабат асфальт төселді. Жауаптылар күре жолды жыл соңына дейін аяқтаймыз дейді. Бірақ құрылыстың уақытылы аяқталарына кепілдік жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу