Атырауда жол жөндеу кезінде кеңсенің алдын жауып кеткен

1429

Оған жол бергендер жазаға тартылды.  

Атырауда жол жөндеу кезінде кеңсенің алдын жауып кеткен

Атырауда кәсіпкердің жұмысына кедергі келтірген қалалық әкімдік қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Белгілі болғандай, екі шенеуніктің "бизнеске қысым көрсету" ретінде бағаланған, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

"NAMS-Құрылыс" ЖШС иесі өзіне тиесілі кеңсе-дүкен алдындағы 500 метрдей фасадтық жерді келіп-кетушілерге қолайлы болу үшін асфальттамақ болады. Алайда, ғимарат орналасқан көшеге жөндеу жүргізген кезде ол жерге түгелдей бордюр төсеп кеткен. Соның салдарынан, кеңсеге кіріп-шығу мұңға айналады.

"Мен оған дейін қалалық әкімдікке кеңсенің алдын жауып кетпеуді сұрап, 4 рет хат жаздым. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі менің өтінішім ескерілетінін айтып сендірді. Бірақ, жол салған кезде бір автокөлік өтетіндей 2,5-3 метр жерді ғана қалдырыпты", - деп түсіндіреді кәсіпкер Гүлнар Мұханғалиева.

"NAMS-Құрылыс" ЖШС жетекшісінің шағымын қараған Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы ҚР бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне хат жолдайды. Әрі қарай мәселенің мән-жайын тексерген құзырлы орган жергілікті атқарушы органның лауазымды тұлғаларының кәсіпкердің ұсынысына құлақ аспай, заңсыз әрекетке барғанын анықтаған. Сөйтіп, кеңсенің алды қайтадан 10 метрге дейін кеңейтіледі.

"Қазіргі күні кәсіпкердің талабы қанағаттандырылды. Қалалық әкімдік апапаратының жалпы бөлімінің жетекшісі мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі бастығының орынбасары аталған дерекке байланысты тәртіптік жауапкершілікке тартылды", - дейді жергілікті кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу