Атырауда жұмыстан қуылған директор орнына қайта отырды

273

Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры қызметін бір ай атқарған Ғалымжан Жусанбаев сот шешімімен жұмысына қайта оралды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Атырауда жұмыстан қуылған директор орнына қайта отырды Фото: pro-dachnikov.com

Оның қызметінен кетуіне не себеп болған еді?

Ғалымжан Жусанбаев биылғы 10 қаңтарда Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директорлығына тағайындалған еді.

Ол 2005 жылдан бері мұнай-газ өнеркәсібі саласында жұмыс істейді.

Осы саладағы бірнеше компанияға басшылық еткен. Әр жылдары "SAT Operating Aktau" ЖШС-нің зауытында бас директор, "Шымкент Мұнай Өнімдер" АҚ-да, "Petro Export" ЖШС-да бас директор лауазымын атқарып келген. Алайда, бір айдан соң бас директор мен бас инженер арасында дау туындады.

Осыған байланысты "ҚазМұнайГаз" ҰК тарапынан құрылған арнайы комиссия Атырау мұнай өңдеу зауытын тексеруді бастады.

ҚазМұнайГаз басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий Макеевтің айтуынша, Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірістік, қаржы және құқықтық қызметіне толық тексеру жүргізіледі.

Компания барлық туындаған мәселені зауыт қызметкерлерімен ашық талқылауға дайын екенін білдірді. Арнайы комиссия құрамына енген мамандар әлеуметтік желіде жарияланған кәсіпорын туралы ақпаратты жан-жақты зерттеуге кірісті.

"Кәсіпорында өндіріс мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Жиында зауыттың жұмыс істеп тұрғаны және мұнай өнімдерін штаттық режимде жөнелтіп жатқаны атап өтілді. Компания тарапынан Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірістегі қызметкерлері үшін тиісті жағдай жасау үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Арнайы комиссия қалыптасқан жағдайды объективті түрде қарастырады. Кәсіпорын ұжымының бүгінгі таңдағы басты талабы – үздіксіз өндірісті қамтамасыз ету және жөнелту қарқынын сақтап қалу", деді Дмитрий Макеев.

Содан кейін бас директор Ғалымжан Жусанбаев Атырау мұнай өңдеу зауытының бас инженерімен бірге қызметінен босатылды.

"Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Ғалымжан Жусанбаев пен бас директордың орынбасары бас инженер Әділет Шошанбасовты қызметінен босату жөнінде шешім қабылданды. Бас директордың міндетін атқару әрі қарай шешім қабылданғанға дейін Атырау мұнай өңдеу зауыты бас директорының орынбасары техникалық директор Олег Александрович Лызловқа жүктеледі", деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Бір аптадан кейін Атырау мұнай өңдеу зауытының бас инженері міндетін атқаруға Еркін Сүлейменов кірісті. Оған бас директордың орынбасары лауазымын атқару қоса жүктелген.

Бұл деректі растаған "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС қоғаммен байланыс бөлімінің ақпаратына сүйенсек, Еркін Сүлейменовтің мұнай өңдеу саласында айтарлық тәжірибесі бар.

Ол бұрын "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС бас директорының бірінші орынбасары болып жұмыс істеген. Кейін ҚазМұнайГазда мұнай өңдеу департаментінің директоры болған.

Ал, сәуірдің басында Абзал Досжанов Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры болып тағайындалды.

Абзал Досжанов Атырау қаласында туған. Еңбек жолын 2006 жылы Атырау мұнай өңдеу зауытында технологиялық қондырғылардың операторы болып бастаған. Кейін зауытта гидрогенизациялық процестер ауысымының бастығы болған.

2023 жылдан сәуірге дейін "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ мұнай өңдеу және мұнай химиясы департаменті мұнай өңдеу басқармасының бастығы қызметін атқарған.

Жақында Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен бұрынғы бас директор Ғалымжан Жусанбаевтың құқығы қорғалды.

"Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты Ж.-ның қатысушылардың кезектен тыс жалпы жиналысының хаттамасын, еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтың жарамсыз деп тану, бас директор лауазымын қалпына келтіру, мәжбүрлі жұмыстан шығу уақыты үшін жалақыны өндіріп алу және моральдық зиянды өтеу туралы "АМӨЗ" ЖШС-не қатысты талабын қарады. Талап қою еңбек шартының сынақ мерзімінде және қызметкердің уақытша еңбекке жарамсыздық кезінде бұзылуымен негізделді. Сотпен еңбек шартының талаптары бойынша талапкерге 6 ай сынақ мерзімі белгіленгені, алайда шарт 1 ай өткеннен кейін бұзылғаны анықталды. Осы құқықтық қатынастарға еңбек заңнамасы қолданылады", деп хабарлады соттан.

Еңбек кодексінің 36-бабына сәйкес, еңбек шартында жұмыскердің тапсырылатын жұмысқа біліктілігінің сәйкестігін тексеру мақсатында сынақ мерзімі туралы талап белгіленуі мүмкін.

Осы кодекстің 37-бабына сәйкес, жұмыскердің сынақ мерзімі кезеңіндегі жұмысы теріс нәтиже берген кезде жұмыс беруші оған еңбек шартын бұзуға негіз болған себептер көрсетілген хабарлама беріп, онымен еңбек шартын бұзуға құқылы.

"Бұл жағдайда қызметкер сынақ мерзімінде жұмыстың теріс нәтижесі болмасада ешқандай себепсіз жұмыстан босатылды. Сот шешімімен талап қанағаттандырылды. Сот жауапкермен қызметкердің сынақ мерзіміндегі біліктілігіне сәйкес еместігі дәлелденбегендіктен талапкердің құқықтары бұзылған деп таныды. Еңбек шарты жұмыстан шығару рәсімін бұза отырып күшін жойған. Еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты жарамсыз деп тану, Ж.-ның бас директор лауазымын қалпына келтіру туралы шешім шығарылды. Мәжбүрлі жұмысқа келмегені үшін жалақысы және 100 000 теңге мөлшерінде моральдық зиянды өтеу өндірілді", деп мәлім етті соттан.

Сот шешімімен қызметіне қайта кіріскен бас директор Ғалымжан Жусанбаев зауыт ұжымымен кездесті.

Қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту, әлеуметтік қолдау көрсетуге уәде берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу