Атырауда жүз адам әскери борышын өтеуге аттанды

717

Биыл медициналық комиссия құрамына инфекционистер енгізіліп отыр.

Атырауда жүз адам әскери борышын өтеуге аттанды

Атырауда күзгі әскерге шақыру науқанында жеті жүзге тарта сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуге аттанбақ. Қазіргі күні 100 әскерге шақырылушы Жамбыл облысындағы "Отар" әскери гарнизонына жіберілді. Бұл – биыл облыс бойынша әскери медициналық тексеруден өткен жастардың алғашқы легі. Олар алдымен аталған әскери гарнизонда жарты жыл болып, түрлі мамандықты игеруге тиіс.  

"Облыста әскерге шақыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімдерін жасақтау жоспары толықтай орындалды. Ендігі кезекте Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдерін жасақтауды бастадық", –  дейді Атырау облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Сатыбалдиев.

Биылғы жаңалық – облыстық медициналық комиссиялардың құрамына инфекционист дәрігерлер енгізілген. Әскерге шақырылушылар әскери бөлімдерге жөнелтілмес бұрын ПТР әдісімен COVID-19 вирусына зертханалық зерттеуден өтеді. Сондай-ақ олар тиісті нысанға барғанға дейін бактерияға қарсы залалсыздандыру құралдарымен, медициналық бетперде және қолғаптармен қамтамасыз етіледі. 
Айта кетейік, Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны 1 қыркүйекте басталды. Ол желтоқсанның соңында, әскерге шақырылушылардың соңғы легі әскери бөлімге аттанған кезде аяқталады.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу