Атырауда жылжымалы рентген пункті ауылдарды аралады

998

Атырауда жылжымалы рентген пункті ауылдарды аралады

Атырауда мемлекеттік, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың, қаржы институттарының өкілдері, дәрігерлер мен теологтардан құралған ведомствоаралық топ ауыл-елді аралап, халықтың жағдайымен танысты, деп хабарлайды abctv.kz.

"Іс-шара аясында 344 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Жаңадан кәсіпкерлікпен айналысу әдістерін үйрену үшін "Бизнес Бастау" және "Бизнес кеңесші" курстарымен 500-ден астам ауыл тұрғынына оқыту-әдістемелік шаралар ұйымдастырылып, сертификаттар табысталды. 22 кәсіпкерге мемлекеттік органдармен қолдау көрсетілді. 3300-ден астам азаматқа медициналық көмек көрсетіліп, оның ішінде 300 науқасқа диагноз қойылып, ем тағайындалды. 80 адамға аудандық және облыстық емдеу орындарына, 2 адамға республикалық кардиологиялық орталыққа жолдама берілді",  - дейді облыс прокуроры Ғалымжан Тоғызбаев.

Жұмыс тобының атқарған шаралары нәтижесінде бизнестің дамуына кедергі келтіріп келген әкімшілік тосқауылдар жойылды. Облыс прокурорының орынбасары Серік Шалабаевтың айтуынша,  барлық аудандарда ірі компаниялардың қатысуымен "Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі" ұйымдастырылып, 344 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Құрманғазы ауданындағы Азғыр өңірінде, Жылыой ауданындағы Жаңа Қаратонда рентген құрылғысы жоқ. Жұмысқа орналасқылары келген жастар рентгенге түсу үшін ұзақ жол жүріп ауданға барады. Ал ауыл үлкендері мен жұмыссыздар 3-4 жылдан бері рентгенге түспеген. Осы жайттан хабардар болған жұмыс тобы жылжымалы рентген пунктін ауылға апарып, екі мыңнан астам адамды тексеруден өткізді. Мүгедектікті анықтайтын облыстық комиссия алыстағы ауылдарға бара бермейді, ал онсыз да жүріп-тұруы қиын кемтар жандарға комиссиядан өту үшін орталыққа бару қиындық туғызады. Бұл мәселе де шешімін тапты, енді аталған комиссия шалғай елдімекендерге баратын болады. "Мемлекеттік кірістер органдарымен 200-ден астам мүгедектен 700 мың теңгеге жуық салық берешектері негізсіз алынғаны анықталып, қайтарылды", - дейді С.Шалабаев.

Барлық аудандар мен ауылдарды аралап, елдің ахуалымен танысқан жұмыс тобы бірқатар әлеуметтік  проблемалардың оң шешім табуына ықпал етті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу