Атыраудағы академиялық оркестрге ғимарат берілді

1676

Алайда онда көшіп баруға әлі ерте.

Атыраудағы академиялық оркестрге ғимарат берілді

Атыраудағы Дина Нұрпейісова атындағы академиялық оркестр ақыры баспаналы болды. Еліміз бойынша академиялық атағы бар барлығы төрт оркестр болса, оның бірі – мұнайлы өңірдегі осы өнер ұжымы. Оркестр бұл атаққа 1990 жылы ие болған. Содан бері Қазақстанның атағын әлем елдеріне танытып келе жатқан ұжымның 30 жылдан бері жеке ғимараты жоқ еді.

Жүздің үстіндегі музыканттан құралған ұжым осы уақыт аралығында Атырау қаласындағы бірнеше нысанды паналады. Олар: Махамбет атындағы облыстық драма театры, облыстық халық шығармашылығы орталығы, тіпті, оркестрдің әкімшілігі Сланов атындағы облыстық кітапхананың асхананасына жайғасып, шығармашылық құрамы басқа кітапханада репитиция жүргізген кездері де болған. Ал "Нұрсая" ықшамауданында салынып жатқан, олар көшуі тиіс болған үлкен концерттік зал ақыры аяқталмаған күйі тұр. 

Қазір қала басшылығы Дина Нұрпейісова атындағы оркестрге 1950 жылы салынған бұрынғы қалалық АХАЖ ғимаратын берген. Бірақ ұжымға "қоныс тойын" тойлауға әзірге ертерек сияқты.

"Ғимарат ескі болғандықтан, күрделі жөндеуді қажет етеді. Оның үстіне жылуы қосылмағандықтан, біз бұрынғы жерімізде дайындала бермекпіз. Жөндеу жасалғанда да онда көрермен залы болып, акустикасы сай келетіндей етіп жасалуы керек", – дейді оркестрдің директоры Сағынтай Көпжасаров. Айта кетейік, бұл ғимаратта бір кездері кинозал да болған. Алайда оның одан бері өзгеріп кеткен залын қайта жасақтауға болатын-болмайтыны белгісіз. Осындай олқылықтарға қарамастан, ұжым өздерінің жеке ғимараты болғанға қуанулы. Әрі бұл жердің қаланың орталығында болғаны көңілге қонып тұр.

Айта кетейік, оркестр жанынан "Сармад" ұлттық-этнографиялық ансамблі де құрылған. Онда жиырмаға тарта музыкант бар.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу