Атыраудағы ауылда жолға ыстық асфальт төселіп жатыр

1454

Оған ауа райының қолайлы екені айтылуда.

Атыраудағы ауылда жолға ыстық асфальт төселіп жатыр

Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы жол сапасы сынға ұшырады. Оған тұрғындар "топыраққа ыстық асфальтты төсеп жатыр, миллиондап бөлінген ақша желге ұшты" деген ренішін білдіруде, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Мәселе аудандағы Ақкөл ауылында салынып жатқан жол құрылысына қатысты. Оның қалай жүріп жатқанын қоғам белсендісі Бекболат Сибағатулла әлеуметтік желіде көрсеткен болатын. Онда расымен де жолға қиыршық тас төсеместен ыстық асфальтпен жауып жатқаны көрсетіледі. 

Осыған байланысты тиісті мекеме аталған ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары жобада белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіліп жатқанын айтып жауап берді. "Ақкөл ауылы жаяу жүргінші жол жабындысын салу бойынша жұмыстарды жүргізуге ауа райы қолайлы болуына байланысты. Яғни +5 градуста, асфальтбетон қоспасына арнайы қоспа қосылып жасалуда. Жұмыс өндірісінде қолданылатын материалдардың сапасы мен ағымдағы ауа-райы жағдайында пайдалану мүмкіндігін растайтын тиісті сертификаттары, сонымен қатар жол зертханасының тиісті қорытындысы бар", – дейді тапсырыс беруші аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінен.

Сондай-ақ олар жұмыстың қараусыз қалмағанын, ол жерді жоба бойынша техникалық қадағалаушының жіті бақылап отырғанын айтады.   

Айта кетейік, Атырау облысының Ресеймен шекаралас орналасқан Құрманғазы ауданындағы жолдар жиі сыналып жүр. Басқаны қойып, ауданды облыс орталығымен байланыстыратын күре жолдың өзі қанша жылдан бері жасалып жатса да әлі күнге дейін тапсырылмай отыр. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу